Павлодар облысына 13 мыңдай ресейлік келген. Полицияның мәліметінше, олардың 480-і ғана тұрақты мекенжай бойынша тіркеліпті. Басқалары өзге өңірлерге кетті ме, әлде қалды ма, белгісіз. Қазір шаһардағы қонақ үйлер мен хостелдерде бос орындар бар. 
 
Соңғы бес күн ішінде ХҚКО және көші-қон қызметі бөлімшелеріне келуі туралы ескерту бойынша 388 ресейлік азамат өтініш берген, уақытша тұру үшін 154 адам көмекке жүгінген. 
Жасқайрат Қайыров, ПД бастығының бірінші орынбасары:
Ал енді тіркелмейтіндер болса, олар 518 бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылады. Біріншіде ескерту болады, қайталанатын жағдайда 25 АЕК дейін айыппұл төленетін болады. Бізге қазір 437 адам тіркелді.  Шынымен де, 9 айдың қорытындысына қарағанда бес күн ішінде көбейді. Бұрын бір күнде 10-15 тіркелетін болса, қазір 80-90 адам тіркеледі. 
Шекарадан өткізу бекеттері мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарында иық тіресіп кезек күткен адам нөпірі жоқ. Жеке сәйкестендіру номерін алған ресейліктер саны 1 мыңнан асады. 
Арай Қамарова, «азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ПОФ директорының орынбасары:
21 қыркүйектен бастап 26 қыркүйекке дейін 931 өтініш қабылдадық. Кешегі күнге 508 өтініш қабылдадық. 
Облыс орталығында үш халыққа қызмет көрсету орталығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Адамдардың шамадан тыс көп шоғырлануын болдырмау үшін шетелден келушілерге арнайы кезек пен бес қосымша терезе ұйымдастырылған.
 
Аяулым Рахымжанова