Пәтерді жалға беру кәсіптің бір түріне жатады. Ал, кәсіп болған жерде мемлекетке төленетін салықтың барын ұмытпау керек. Осы ретте мемлекеттік кірістер департаменті пәтерін жалға беріп, нәпәқа тауап отырғандарға салық туралы еске салады.    

Көршілес елдегі соңғы жағдайлар біздің елге өз әсерін тигізіп отыр. Біз жаққа үдере көшкен ресейліктердің кесірінен бағалар аспандап кетті. Азық-түлік былай тұрсын, жалға алатын пәтер құны да шарықтап тұр. Осы ретте мемлекеттік кірістер департаменті пәтерін жалға беретін азаматтарға салық төлемі жайында тағы ескертіп отыр.   
Галина Бирюкова, мемлекеттік кірістер департаментінің  бөлім басшысы:
Салық төлеудің жалпы 4 формасы бар. Оның екі формасы мемлекеттік кірістер департаментінде тіркелу арқылы жүзеге асады. Бұл патент және қысқартылған декларация. Қалған екі форма тіркеусіз. Біріншісі бірыңғай жиынтық төлемі, екіншісі жеке табыс салығын төлеу арқылы болады. Онымен жылдың соңында 240 форма арқылы декларация тапсырады. 
Айта кетейік, бірыңғай жиынтық төлемінің көлемі қала үшін 1 АЕК көлемінде яғни 3180 теңге, ауыл үшін осы соманың жартысы болады.  Арнайы тіркеусіз жүргізілген кәсіпкерге алдын ала ешқандай ескерту болмайды, бірден айыппұл салынады екен. 
Галина Бирюкова, мемлекеттік кірістер департаментінің  бөлім басшысы:
Әкімшілік жауапкершілік  Кодексінің 463 бабына сәйкес тіркеусіз жеке кәсіпкерлік жұмыс жасаса жеке тұлғаларға 15 АЕК көлемінде, яғни 45 мың теңге  болады. Алдын ала ескертусіз бірден айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда 30 АЕК көлеміне дейін айыппұл тағайындалады. 
Сондықтан айыппұл арқалап кетпес үшін кірісті жасырмай, салық төлеп отырған абзал дейді департамент өкілдері. 
 
Самал Қалиқызы