Бүгін дүниежүзілік жүрек күні. Адам баласының мотор іспеттес бұл  органы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Қаламыздағы кардиологиялық орталық та бұл бағытта жұмыс істеп жатыр.   Павлодарлық дәрігерлер бұл күні ерекше ота жасады. 

Дүниежүзілік жүрек күні облыстық кардиологиялық орталықта ерекше ота жүргізілді. Ота елордадан келген дәрігерлерлердің көмегімен жасалды. Операция барысында қолқа қақпақшасы транскатетерлік  әдіспен ауыстырылды.
Руслан Байсебенов, облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:
Ота кезінде кеуде қуысы кесілмейді.  Жүрек тоқтамайды. Оң жақтағы сан артериясында 2-3 сантиметрлік тілім жасалады. Сол арқылы қақпақша орнатылады. Аталмыш операциялар егде жастағы 70 жастан асқан пациенттерге жүргізіледі. Себебі олар ауыр оталарды көтере алмайды. Ал бүгінгі операция шағын инвазивті. 
Бүгін 3 науқасқа осындай операция жасалды. Негізі қолқа қақпақшалары біздің облыста 2016 жылдан бастап ауыстырылады. Осыған дейін өзі ашылатын қақпақшалар қойылатын, енді Үндістанда шығарылған баллонды қақпақша орнатылады. Еліміз бойынша 200-ге жуық науқасқа осы клапан қойылған. 
Руслан Байсебенов, облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:
Ота бойынша ешқандай регламент жоқ. Әрі кетсе 2 сағаттай жасалады. Отадан кейін 7-8 күннен кейін науқас аяғына тұрып, ауруханадан шығара аламыз. Осындай жылына 10-15 операция   жасаймыз.
Айта кетейік, жалпы 6 жыл ішінде өңірде 100-ден астам пациенттің қолқа қақпақшасы жаңартылған.
 
Самал Қалиқызы