Қазан айының алғашқы жексенбісі – ұлағатты ұстаздар күні тойланады. Айтулы мереке қарсаңында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов аймақ педагогтерін құттықтады. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған мұғалімдерге наградалар мен қаржылай сыйлықтар  табысталды. 
 
Бүгін облыс орталығында білім беру саласы қызметкерлерінің төл мерекесі аталып өтті. Мыңдаған мамандықтың ішіндегі ең сыйлысы әрі ең қиыны да осы сала болса керек. Олар өз өмірін бала тәрбиесі мен мектепке арнаған батыл жандар. Тарыдай болып мектеп табалдырығын бірінші рет аттаған сәтте алғаш қолға қалам ұстатқан да осы ұстаздар. 
Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:
Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Қоғамның лайықты ұл-қызын тәрбиелеуде сіздер атқарып жүрген еңбектеріңіз өлшеусіз. Сіздер шын мәнінде мектептің жүрегісіздер. Ал, оқушыларымыздың жеңістері сіздердің білім беру ісіне деген адалдығыңыздың шынайы дәлелі. Павлодар облысының мектеп олимпиадалық командасы республикадағы ең үздік команда екенін мақтанышпен айта беремін. Жылына 150 медааль, 200-і халықаралық жарыстың алтыны. 
Ертіс өңірінің 60-тан астам педагогы түрлі номинациялар бойынша марапатталды.  Бірақ алдымен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. 
Білім беру саласында тер төккен ұстаздар оку-ағарту министрі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен және де  «Аялы алақан» сынды бірқатар номинация бойынша марапатталды. Мектепке дейінгі ұйымдар арасында жарияланған «Жыл тәрбиешісі» байқауында гран-при Май аудандық «Гүлдер» шағын орталығының тәрбиешісі Гүлжанат Тулкинаға бұйырды. 
Гүлжанат Тулкина, Май аудандық «гүлдер» шағын орталығының тәрбиешісі:
Біз бір жастан аламыз. Ерте жаста 14 бала және ортанғы топ пен ересекте 18 бала. Жалпы 32 бала. Біз орталықтан даярлық топқа шығарып саламыз. Мен өзім ұлттық бағытта жұмыс жасаймын. Баллаардың интеллекталын дамыту мақсатында астық терапиясын енгіздім. Бүгінде үстел үстіндегі ұлттық ойныдарды құрастырдым. 
Ал, 25 жылдық еңбек өтілі бар Рустам Сағымбаев «Жыл мұғалімі» деп танылды. Май ауданына қарасты Көктөбе орта мектебінде 23 жыл қызмет еткен. Соңғы екі жыл Павлодардағы №37 мектепте сабақ береді.  
Рустам Сағымбаев, жыл мұғалімі:
Біздің ұстаздық жолымыз - балғын балаларға қызмет атқару. Жалпы байқауға кез келген мұғалім қатыса алады. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Нәтижеге жете беруге тілектеспіз. 
Барлық аталымдардың жеңімпаздарына дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты.

Аяулым Рахымжанова