Екібастұздағы құбырлардың жарылуының алдын ала себебі белгілі болды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр апат станция қызметкерлерінің қателігінен орын алуы мүмкін екенін айтты. Соның салдарынан қысым күрт көтеріліп, құбырлардың көптеп жарылуы ықтимал. 


Екібастұз тұрғындары алтыншы күн қатарынан қақаған қыста жылусыз отыр. Осы апатқа байланысты прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Кеншілер қаласындағы ахуалды өз көзімен көруге күні кеше премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр келді. Жедел штабтың жұмысын басқарған министр брифинг барысында ондаған көпқабатты үй тұрғындарының жылусыз қалуына станция қызметкерлерінің қателігі түрткі болуы мүмкін екенін айтты.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Алдын ала тергеу қорытындысы бойынша құбырлардың шұрт тесілуіне желідегі қысымның бір мезгілде күрт өсуі себеп болған. Бұл станса қызметкерлерінің қате әрекеті. Салдарынан көптеген ақаудың орын алуына әкеліп соқтырды. Бір уақытта 43 ақау анықталса, 28 күні тағы 30-ы анықталды. Мұндай апат Екібстұзда алған рет орын алды.

Апаттың нақты себебін арнайы құрылған комиссия анықтайды. Ал қазір жылусыз қалған үйлердің саны біршама артты. 58 көппәтерлі үйдің тұрғындары жаурап отыр. Бұл тек ресми мәлімет. Роман Скляр бүгін үш ықшам ауданға жылу біртіндеп беріледі деді.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Жылудан толық ажыратылған 17 үйге жылу қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай 5б және 6-ы шағын аудандағы 41 үйге жылуды береміз.

Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындардың шығынын компания басшылығы өз мойнына алады. Әзірге келтірілген залалдың нақты шығыны білгісіз, есептеліп жатыр.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР энергетика вице-министрі:

Шығын кеткен құбырлар, жылу жүйелері, үй ішіндегі істен шыққан темір тесектер болса, басқа да үйдің ішіндегі шығындар болатын болса, оның бәріне жөндеу бригадалары да келіп жатыр. Барлығы есептеледі. Соммасы кешірек нақты анықталады.

Облыс орталығынан келген 30 шақты полиция тұрғындары көшіп кеткен үйлерді, апат болған көшелерді тәулік бойы екі ауысыммен күзетіп тұр. Қалалық полиция басқармасының бастығы соңғы бес тәулікте ешқандай ұрлық фактісі тіркелмегенін мәлімдеді.


Аяулым Рахымжанова