Ленин кентінің №33 мектебінде оқушылар сабақты күртеше киіп оқиды. Осындай ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Біздің түсірілім топ білім мекемесіне барып, мәселенің мән жайын анықтап көрді.


Қуанышқа орай, ауыл мектебіндегі жылу мәселесі тез шешілді. Қатты аяздың келуімен екінші қазандықты іске қосу туралы шешім қабылданған. Бұдан кейін құбырда ақаулар пайда болыпты.

Гүлнар Ешенова, Павлодар қаласы №33 орта мектебі директорының м.а.:

Мәселе шынымен де болды. Біз барлық ақауды жойдық. Қазір сынып ішіндегі орташа температура 20 градус. Қазандық жұмыс істеп тұр.

Құбырлардағы ақауларды мектептің техникалық қызметкерлері жойған. Түске дейін мектепке жылу берілді. Екінші ауысымның оқушылары штаттық тәртіпте сабағын жалғастырып жатыр.

Самира Садықова, 5 сынып оқушысы:

Мектебіміз жылы. Батарейлер ыстық. Сыныптастарымның барлығы сабаққа келді.

Қазір 900 орындық мектепте ерекше балаларға арналған арнайы лифт құрылысы жүріп жатыр. Монтаждау жұмыстары екі күннен кейін аяқталады. Іргетасы 1967 жылы қаланған Ленин кенті мектебінде бүгінде 1000-ға жуық бала оқиды.


Аяулым Рахымжанова, Ермек Сапаров