Жаңа жыл мерекесін қарсы алуға павлодарлық кәсіпкер тыңғылықты дайындалған. Ол Павлодарда аяз атаның резиденциясын ұйымдастырды. Ғажайып әлемнің бір бөлшегі туралы тілшіміз баяндайды.
Кәсіпкер бұған дейін жүргізуші, шоумен болып, тіпті зауытта қызмет атқарған. Дегенмен, бір салада тұрақтауды жөн санап, Аяз ата резиденциясын құруды ойластырды. Ол үшін Ресейдің Мәскеу қаласынан үздік шеберлерден костюм, сақалды тапсырыспен алып, Аяз атаның бейнесіне ауысты. Қазір кішкентай балалармен қатар ересектерді де шаттыққа бөлеп, ерекше әсер сыйлап жүр.
Артём Власенко, жеке кәсіпкер:
Бұл кәсіпке келгеніме біраз уақыт болды. 10 жылға жуық аяз ата болып жұмыс істеймін. Көп жылдық еңбегімнің арқасында ерекше, креативті бейне пайда болды. Сонымен қатар осы тақырыпта 4 жыл блог жүргізіп келемін.» «кәсібімді ашқан соң, алғашқы жылдары табыс болмады. Аяз ата бейнесінде кез келген уақытта, түрлі мерекеде өнер көрсете аламын деген хабарлама берген болатынмын. Біршама уақыттан кейін ғана тапсырыстар түсе бастады
Павлодарлық аяз атаның ерекшелігі – ол жыл бойы жұмыс істейді. Тіпті жаз мезгілінде қала тұрғындарын жарқын қойылымдар, қызықты құттықтаулармен қуантады. Оған қоса, жазғы резиденция құру жоспарында бар.
Артём Власенко, жеке кәсіпкер:
Биыл резиденциямызға 7 желтоқсаннан бастап келушілерді қабылдай бастадық. Жұмысымызды 12 қаңтарға дейін жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Одан кейін өзгеше форматқа ауысу қажет болады. Яғни, қыстан кейін жазғы маусымға дайындаламыз. Жазғы атмосфераны жасау үшін, тұрғындарға қызықты болу үшін жазғы резиденция құрастыру керек болады.
Күн сайын аяз атаға қонаққа келетін тұрғын саны артып жатыр. Осындай резиденция құру, түрлі костюмдер дайындау да уақыт пен қаражатты талап етеді. Бірақ кәсіпкер «бастысы – аяз атаға сенетін балғындардың бал-бұл жанған, бақытты жүздерін көру» дейді.
Жұлдыз Қабылденова