Павлодарлық құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігін тағы бір мәрте еске салу үшін ерекше шара ұйымдастырды. Көпбалалы аналар мен тұрмыстық осал топтағы отбасылар басты назарда. Тілшіміз жалғастырады.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Аяз ата мен Ақшақар болып киініп, кезекті рейдке шықты. Басты мақсат- айыппұл жазып, ескерту қалдыру ғана емес, мерекелік көңіл күй сыйлау.
Рейд барысында төтеншеліктер Павлодардың тұрғын үй секторында ересектер мен балаларға өрттің қауіпсіздігі, оның алдын алуды ғана түсіндірмеді, улы газ анықтайтын датчиктерді де орнатты. Рейдтің ең қызықты сәті балаларға тәтті сыйлық тарату кезінде болды. Ерекшелігі тәттілердің сыртқы орамасында QR-код бар, сол арқылы ТЖД-нің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына кіріп, профилактикалық шаралармен танысуға болады.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар департментінің әлеуметтік осал топтағы есебінде 1233 отбасы тұр. Биыл улы газ анықтайтын 709 датчик орнатылды. Жылыту маусымы кезінде өңірде 32 өрт орын алды. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алды.
РҮСТЕМБЕК ӘМРИН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫ
Бізде көмекті қажет ететін отбасылардың тізімі бар. Бүгін солардың ішінде 10 жанұяны таңдап алдық. Акция асында оларға барып, датчик орнатып, балаларға сый сияпатымызды табыстадық.
Өрт жағдайлары мереке қарсаңында халық әбігерге түсіп жатқанда көп болады. Әсіресе пиротехникалық заттарды, отшашуларды дұрыс пайдаланбаған кезде. Бұл туралы да төтеншеліктер еске салады.
РҮСТЕМБЕК ӘМРИН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫ
Тұрғындарға қарапайым ғана ұсыныс, отшашуларды арнайы белгіленген орындардан ғана алу керек. Олардың арнайы сертификаттары болады. Кейбіреуі дұрыс сақталмауына байланысты, дұрыс қолданылмайды.
Акция дәстүрлі түрде жылда өтеді. Ал, Аяз ата мен Ақшақар қаламыздың балақайларын қуантуды әлі де жалғастырады.
Самал Қалиқызы