Өңірімізде жыл сайын өтетін Winter K-POP Festival 2025 атты шара ұйымдастырылды. Өнер додасына Павлодар, Екібастұз, Астана қалаларынан келген командалар қатысты.
Шараны Павлодар облыстық «Somang» корейлер қауымдастығы ұйымдастырды. Фестиваль жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, корей мәдениетін насихаттауға бағытталған. Биылғы байқауға 14 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
ӘЙГЕРІМ ТҮСІПБЕКОВА,ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ «SOMANG» КОРЕЙЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МӘДЕНИ-БҰҚАРАЛЫҚ ШАРАЛАР ЖЕТЕКШІСІ
Биылғы байқауға 13 пен 30 жас аралығында қатысушылар келді. Себебі кішкентай балалар қатты қызығушылық танытып, сахнаға шығуға ұмтылады. Біз шараның уақыт регламентін де белгіледік. Мұндай шаралар 10 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал биыл біз бұл фестивальге ерекше назар аударып, тыңғылықты дайындалдық. Келесі жылы осындай байқауды қалалық мәдениет үйінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Фестивальге дайындықты алдын ала бастаймыз. Барлық ақпаратты 2-3 ай бұрын жариялап, ұйымдастыру жұмыстарына кірісеміз.
Фестиваль конкурс форматында өтті. Қатысушылар К-РОР жанрындағы хореографиялық қойылымдарын сахнаға алып шықты. Би қойылымдары негізгі 5 критерийлер бойынша бағаланды. Оның ішінде киген костюмдері негізге алынды.
ӘНУАР ЕСЖАНОВ, ҚАТЫСУШЫ (АСТАНА ҚАЛАСЫ)
Нөмірді біз ұжым болып ұзақ таңдадық. Әркім өзіне ұнағанын дауыс беру арқылы таңдады. Соңында бір биге тоқталдық. Бір командада 12 адам. Мен бұл бағыттағы бимен 2019 жылдан бері айналысып келемін.
Айта кетейік, фестиваль жеңімпаздарына 250 000 теңге көлемінде жүлде қоры бөлінді. Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды.
Сабина Жолдаспаева