Жастар бастамаларын дамыту орталығында жастардың «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесуі өтті. Шарада жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы мен оларға берілетін мүмкіндіктер сөз болды.

Жиында жастарға еңбек құқықтары мен тегін білім алу жолдары туралы ақпарат берілді. Техникалық білімнің пайдасы туралы айтылды. Еңбек шарттарын сақтамаған, жалақыны кешіктірген немесе заңсыз жұмыстан шығарған кәсіпорындардың арнайы тізімге енгізілетіні туралы айтылды.

ГҮЛНАР ИСЕНОВА, «ӘДІЛДІК ЖӘНЕ ӨРКЕНДЕУ» ҚҚ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Бұл шараға Білім басқармасы, Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, сондай-ақ Жастар бастамаларын дамыту орталығы қатысады. Негізгі мақсат – жастарды жұмысшы мамандықтарға қызықтыру. Олар колледждерге түсіп, кейін өндірісте жұмыс істеуге ниетті болуы керек. Павлодар облысында – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан біздің басты міндетіміз – өндіріс орындарына білікті мамандарды тарту.

Білім басқармасының өкілдері де өз жоспарларымен бөлісті. Спикерлер бұл салада білікті мамандар қажет екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан қолдау бар екенін еске салды. Биыл жұмысшы мамандықтарына түсушілердің саны артқан.

ҚАРЛЫҒАШ АСАИМОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Бүгінде облыс колледждерінде 1770 студент білім алады. Биыл бұл көрсеткішті 2500 студентке дейін арттыру жоспарланған. Облыс әкімдігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы меморандум аясында, студенттердің кәсіби тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай электронды еңбек биржасы арқылы арнайы жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, колледждер базасында WorldSkills чемпионатына дайындық жүргізуге арналған 10 орталық ашылды.

Шара барысында жастар қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Бұл шара жалғасын табады.

Сабина Жолдаспаева