«Қоғамда ізгілікті насихаттаудың мәдениеті». Астанада осындай атаумен уағызшылардың ІІ республикалық форумы өтті. Алқалы жиынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырды. Оған еліміздің мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қатысып, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу тұрғысынан бұл іс-шараның маңызды екеніне тоқталды.

Атап айтқанда, қазір қоғамда бірлік пен ынтымақ, заң мен тәртіп, әділдік пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды насихаттаудың айрықша мәні бар екеніне назар аударды. Жиынға қатысушылар діни ағартушылық қызмет, ең алдымен, дәстүрлі құндылықтар мен отбасы институтын дәріптеуге, қоғамды ұйыстыруға бағытталуы керек екеніне екпін түсірді. Бұл форум діни ағарту ісінің өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу және рухани құндылықтарды орнықтыру үшін жаңа тәсілдерді әзірлеуге арналған бірегей алаңға айналды.