Павлодар облысында шомылу маусымы ресми түрде маусымның 3-інен басталды. Қазіргі таңда өңірде 47 жағажай жұмыс істейді. Барлық жағажайларда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары су айдындарында күн сайын рейд жүргізеді. Бұл шараның мақсаты — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде облыс аумағында «шомылуға тыйым салынған» деген 206 арнайы белгі орнатылған. Сонымен қатар, суға түсуге болмайтын 128 қауіпті орын анықталды.
Темірлан Жапалбай, Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері
Облыс бойынша бізде бүгінде жағажайлар толық жұмыс істемейді. Себебі судың тексеру жұмыстары жалғасады. Рейдтік профилактикалық тексерістер кезінде бізде адамдардың судағы қауіпсіздікті бұзған фактілер тіркелді. Рейдтік шаралар барысында адамдармен түсіндірме жұмыстары өткізіледі. Адамдарға жадынамалар таратылады. Шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар туралы түсіндірме жұмыстары өтті. Одан бөлек, су қоймалары үстінде шомылуға тыйым салынған жерлерде арнайы белгілер орнатылды.
Айта кетейік, ережені елемеген тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Шомылу маусымы басталғалы бері тәртіп бұзған 17 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.
Сабина Жолдаспаева