Павлодар жұртшылығы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараға облыс басшылығы, зиялы қауым өлілдері, тұрғындар қатысты.

Биыл дала данышпанының туғанына 180 жыл толып, барша әлем халқы тойлауда. Абайдың сарқылмас қайнар бұлағы әр ұрпақтың жүрегін жаулап, ақылына қонуда. Бүгінде Абайдың туған күні қазақ ақылының туған күні. Шара аясында алдымен Абай әні орындалды.

Абай өлеңдері ұрпақтар жүрегінде. Шыңғыстаудың етегінде жазылған жырлар ғасырларға жаңғырып, бүгінгі ұрпақтың аузында. Абай ескерткішіне гүл шоғын қоюға келіп тұрып, оның асыл жырларын танымау әбестік болар еді.

Абай қазақ руханиятының алып бәйтерегі ғана емес, жел жағына пана, күн жағына сая болған мәуелі бәйтерек. Жоқшысы, әрі жанашыры. Сондықтан болар, қазақтың әдебиеті пен ән өнері, рухани ізденістегі баршасы Абай тақырыбына соқпай өтпейді.

Жиналған халық Абай ескерткішінің қасында ән айтып, өлеңдерін оқып біршама уақыт тұрды. Данышпан рухымен сырласты.

Жанасыл Серікбол