Қазақстан чемпионатының Бірінші лига командалары арасында өткен 17-турда павлодарлық «Ертіс» пен алматылық «АКАС» клубы арасындағы кездесу нағыз тартысқа толы болды. Ойын қалай өтті? Толығырақ келесі сюжеттен көрейік.
«АКАС» – осы маусымдағы ең мықты командалардың бірі. Сондықтан да алматылықтар ойын басталғаннан-ақ белсенділік танытып, қарсыласты қыспаққа ала бастады. Кездесудің 4-минутында Аруп Саутовтың шебер ойынының арқасында есеп ашылды. Ал 22-минутта Сергей Гридин таблодағы есепті 2:0-ге жеткізді.43-минутта «Ертіс» шабуылшысы Арман Смаиловқа қарсы айып алаңында ереже бұзылды. Пенальтиді өзі орындаған Смаилов оны сәтті голға айналдырды. Бірінші таймның екінші минутында қосылған павлодарлық клубтың жартылай қорғаушысы Нұрғайни Бурибаев, ойынның ең әдемі голын соқты. Үзіліске командалар 2:2 есебімен кетті. Екінші таймда екі команда да бірінен соң бірі қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. «Ертістің» 47-нөмірлі ойыншысы алматылық қақпашы Илья Караваевпен жеке кездесуде мүлт кеткен жоқ. 83-минутта Арман Кеңесовтің әдемі пасынан кейін Мейрам Кикбаев есепті 4:2-ге жеткізді. Ал 89-минутта Асқар Сатышевтің баспен берген пасын сәтті пайдаланған Кеңесов соңғы нүктені қойып, ойынды 5:2 есебімен аяқтады. Қазір турнир кестесінде «Каспийде» – 41 ұпай, «Ертісте» – 39 ұпай, «Алтай-Өскеменде» – 38 ұпай, ал «Шахтёрде» – 35 ұпай бар.Айта кетейік, келесі маңызды матч 15 тамызда өтеді. «Ертіс» өз алаңында, 29 ұпаймен бесінші орында тұрған Түркістан облысының «Жетісай» командасын қабылдайды.
Дильназ Қуанышбекқызы