Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде» атты стратегиялық бағытты жариялады. Негізгі мақсат цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын түрлі салаға енгізу. Бұл бастама жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясында тоғысады.

Жасанды интеллект қазір болашақтың емес, бүгінгі күннің технологиясына айналды. Сондықтан Президент Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесі басты тақырыптардың бірі болды. Қазақстан осы бағытта әлемдік көшбасшылардың қатарынан орын алуды көздейді.

Серік Джартыбаев, ақпараттық технологиялар колледжінің директоры

Бұл қазір бүкіл әлемдегі басты тренд. Себебі кез келген салада жасанды интеллекттің ықпалы артып келеді. Әлемдегі ірі компаниялар өз капитализациясын да, акцияларының құнын да дәл осы технологиялардың арқасында көтеріп отыр.

Жасанды интеллект пен цифрландыру саласында кәсіби мамандарды дайындау уақыт талабы. Павлодардағы Ақпараттық технологиялар колледжі тәжірибесінде болашақ ІТ-мамандарын оқытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Серік Джартыбаев, ақпараттық технологиялар колледжінің директоры

Бұл міндеттер ең алдымен кадрлық әлеуетті арттырады. Біздің колледж осы бағытта жұмыс істейді. Студенттерді бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық қауіпсіздік, веб-дизайн бойынша оқытамыз. Жақында қашықтан басқарылатын ұшқышсыз аппараттар мамандығын аштық. Жарты жылда барлық пәнге жасанды интеллект тақырыбын енгіздік, қосымша сағаттар мен факультативтер қостық. Осылайша студенттер бұл саланы тереңірек меңгере алады

Айта кетейік, мемлекет басшысының Жолдауында жасанды интеллект саласында мамандарды мектеп қабырғасынан бастап даярлау керектігі айтылды.

Серік Джартыбаев, ақпараттық технологиялар колледжінің директоры

Тамыз конференциясында біз павлодарлық мектеп оқушыларын жасанды интеллект негіздеріне үйретуді қолға алатынымызды жарияладық. Бүгін Президент те «Диджитал мектеп» жобасын ұсынды. Бұл бастама аясында балалар мектептен бастап цифрлық дағдыларды меңгеретін болады. Біз бұл бағыттағы жұмысты қазірден бастадық.

Елімізде Жасанды интеллект министрлігінің құрылуы осы саланы жүйелі дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бәсекеге қабілетті болу үшін мамандарды даярлау, технологияға инвестиция салып, инновациялық шешімдер қабылдау қажет.

Сабина Жолдаспаева