Биылдан бастап елімізде 15 қыркүйек - санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні болып бекітілді. Осыған орай Павлодар қаласындағы Достық үйінде салтанатты жиын өтті. Шарада сала ардагерлері мен қазір қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еленді.
Жиынға Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты. Ол өз сөзінде бұл мамандықтың жауапкершілігі мол екенін атап өтті. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау – елдің тұрақты дамуының басты кепілі.
Серік Батырғожинов, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары
Ел президентінің ұлағатты сөзінде айтылған Ұлт саулығы еліміз үшін аса маңызды құндылық. Ал сол құдылықытың шамшырағы өздеріңіз. Мыңдаған адамның тағдыры сіздерге аманат. Сондықтан, адал еңбектеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз.
Мерекеге орай сала мамандарына Премьер-Министрдің, облыс әкімінің және түрлі деңгейдегі құрмет грамоталары табысталды. Барлығы 30-ға жуық қызметкер марапатталды. Бұл олардың ұзақ жылғы еңбегінің, жауапкершілігі мен адалдығының жемісі.
Батырбек Әлиев, Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы
Ұлттық сараптама орталығында, зертханаларда жүздеген адам еңбек етіп, ауыз су мен ауа сапасын, азық-түліктің қауіпсіздігін тексереді. Бұл – қоғам үшін аса қажет жұмыс. Сондықтан бүгінгі күні сала ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерді шын жүректен құттықтаймын.
Сондай-ақ, шекарадан өтетін әрбір жолаушының денсаулығын қадағалау, індеттердің таралуына жол бермеудің бірден-бір жолы. Осы міндетті сала мамандары мінсіз атқарып келеді.
Төлеген Аязбаев, Павлодар бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Өздеріңіз білетіндей, көлік деген аймақты, шетелді, жан-жақты бәрін қосады. Ал біз сол аймақтағы, шетелдегі жүретін жолаушылардың денсаулығын бақылаймыз.
Ардагерлердің айтуынша, бұл күннің ресми түрде белгіленуі – сала беделін арттырып, жас мамандардың кәсібіне деген қызығушылығын оятады. Бүгінде облыс бойынша 300-ден астам санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілі еңбек етеді.
Зайпа Шадиева, санитариялық-эпидемиологиялық сала қызметінің ардагері
Мен өзім осы салада 40 жылдан астам жұмыс істедім. Қазір зейнеткермін. Мен өте қуаныштымын. Биылғы жылдан бастап кәсіби тізім мейрамдарының ішіне 15 қыркүйек осы саланың жұмыскерлер күні болып белгіленді. Бұл көптен күткен жақсы жаңалық. Осыған орай әріптестерімді, ардагерлерді, сала мамандарын шын жүрегімнен кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.
Салтанатты марапаттау рәсімі концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сабина Жолдаспаева