Павлодар облыстық Әділет департаментіне жыл басынан азаматтардан 5 мыңға жуық өтініш келіп түскен, олардың 3 мыңы атқарушылық іс жүргізу бағыты бойынша. Осы ретте, әділет органдарының қызметкерлері «Тараптар кабинеті» сервисі жұмыс жасап тұрғанын еске салады.

Өзге де мемлекеттік органдар сияқты, Павлодар облыстық Әділет департаментіне де хаттар «Е-Өтініш» порталы арқылы келеді. Оның ішінде атқарушылық іс жүргізу бойынша біраз өтініштер бар. Бірақ осы жылдың шілде айынан бастап «Әділет» қосымшасында «Тараптар кабинеті» жүйесі іске қосылды. Енді атқарушылық іс жүргізу бойынша хаттарды осында жіберуге болады.

Маржан Имятова, Павлодар облысы әділет департаментінің басшысы

Осы тараптар кабинеті арқылы азаматтар, ұйымдар жеке сот орындаушыларға өтініштерін, хаттарын жібере алады, онлайн режимде қарызды төлеуге болады. Кез келген жетпей тұрған құжатты қосымшаға салуға болады. Осы арқылы жеке сот оырндаушылардың жұмысының ашықтығы көрінеді. Яғни бұрынғыдай Әділет департаментіне келіп уақыт кетіріп, жеке сот орындаушыға шағым түсіргенше, бірден осы жүйе арқылы жеке сот орындаушыға шыға аласыз. Ал, жеке сот орындаушы 5 жұмыс күні ішінде жауап қайтарады. Тәулік бойы жұмыс істейді. Қосымшаға үшінші адамдар кіре алмайды.

Осы ретте Павлодар облысы Әділет департаментінде Павлодар облысы әкімі аппараты, мемлекеттік органдардың, «Аманат» партиясының ПОФ, Павлодар облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті, Павлодар облыстық адвокаттар алқасы, Павлодар облысының Нотариаттық палатасы, Павлодар облысының заң кеңесшілері палатасының өкілдері, Павлодар облысының Әділет департаментінің бөлім басшылары мен мамандары қатысуымен кеңес өтті. Негізгі мақсат – «Тараптар кабинеті» онлайн сервисінің жұмысын насихаттау, көпшіліе арасында кеңінен тарату.

Дәурен Исабеков, Павлодар облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы

Аталмыш қосымшада адамдар өздерінің процессуалдық құжаттарын көре алады. Қандай шара қолданғаны да көрініп тұрады. Жыл басынан біздің палатаға 2000 өтініш келіп түсті. Оның 1200-і «Е-өтініш» арқылы түсті. Ал, 2 мыңның 500-і процессуалдық құжаттарды беруге байланысты. 1000-ы жеке сот орындаушылардың жұмысына байланысты. Жеделділік үшін «тараптар кабинетіне» жүгінген жөн.

Жиын барысында «Тараптар кабинеті» атқарушылық өндірісінің онлайн-сервисінің маңыздылығын талқылады. Жыл басынан бері Департаментке 5 мыңға жуық өтініш келіп түсті, оның 3100-і атқарушылық іс жүргізу желісі бойынша жіберілді. Егер қоғам кез келген уақытта атқарушылық іс жүргізу бойынша сұрақтарға жауап бере алатын "Тараптар кабинеті" онлайн сервисі туралы білсе, бұл сан айтарлықтай азаяды.

Самал Қалиқызы