Бүгінде Қазақстанда 6 айға дейінгі эксклюзивті омыраумен емізу 37 пайызға дейін төмендеген. Мамандар бұл көрсеткіштің тым төмен екенін айтады. Осыған орай ел бойынша баланы ана сүтімен қоректендіруді қолдау жөнінде оқыту тренингтері өткізіліп жатыр. Толығырақ сюжетте.
Қазақстанда омыраумен емізу көрсеткішін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірлесіп 24–28 қараша аралығында арнайы оқыту курстарын ұйымдастырды. Оған өңіріміздің алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының қызметкерлері, патронаждық медбикелер, облыстық балалар ауруханасының және перинаталдық орталықтың мамандары қатысты.
Жанылай Капанова, неонаталдық қызметтің жетекшісі
Соңғы уақытта баланы ана сүтімен емізу тақырыбы өзекті. Оқу бағдарламасына бастапқы медициналық буын қызметкерлері, патронаждық медбикелер тартылды. Себебі дәл осы мамандар ана сүтін насихаттаумен және қолдаумен тікелей айналысады. Сондай-ақ тренингке облыстық балалар ауруханасы мен облыстық перинаталдық орталықтың мамандары қатысты. Мұнда алғашқы медициналық көмек мамандарына нәрестеге өмірінің алғашқы минуттарынан бастап ана сүтінің қаншалықты қажет екені түсіндірілді. Бала дүниеге келген бойда босану залында анасының кеудесіне жатқызылады, алғашқы уызы беріледі. Өйткені уыз жаңа туған нәрестенің дамуы үшін аса маңызды компонент.
Мамандардың айтуынша, босану үйлерінде аналардың 90 пайызы баласын омыраумен емізеді. Алайда үйге шыққаннан кейін бұл көрсеткіш күрт төмендейді. Бұған отбасы тарапынан қолдау қажет. Сондай-ақ ана мен балаға дұрыс күтім керек.
Жанылай Капанова, неонаталдық қызметтің жетекшісі
6 айға дейін ана сүтімен қоректендіру деңгейі 37 пайыз төмендеді. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан біздің міндетіміз бұл мәселені көтеру. Семинардың мақсаты да осы тақырып. Негізінен аналар балаларын кем дегенде 2 жасқа дейін ана сүтімен қоректендірген жөн. Өйткені бұл жаңа ақпарат емес ана сүті біздің балалар үшін ең негізгі тағам. Ол баланың болашақ интеллектісінің, денсаулығының бастауы, түрлі инфекциялардан қорғайтын табиғи қорғаныс көзі. Тіпті, жалпы алғанда, бұл Қазақстанның болашағына салынған инвестиция деуге болады.
Перинаталдық орталықта жыл басынан бері 3 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. Соның ішінде 300-ден астамы — шала туғандар. Экстремалды төмен салмақтағы, яғни 1 000 грамнан төмен сәбилер де аз емес. Сондықтан мұнда мамандар ана сүтінің маңызын ерекше атап өтеді.
Бақытгүл Қайратова, неонатолог дәрігері
Егерде ана туғаннан кейін сүт бірлен келмесе баланы жиі-жиі еміздіруі керек. Психологиялық тұрғыда қалыптасу үшін теріге терігі терапиясы жасалады.
Мамандар табиғи ана сүті бала үшін ең құнды тағам екенін айтады. Ол нәрестені түрлі инфекциялардан қорғайды, иммунитетін күшейтеді, әрі баланың ақыл-ойының дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан дәрігерлер аналарды балаларын кем дегенде 2 жасқа дейін емізуге шақырады.
Дильназ Қуанышбекқызы