Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театр сахнасында кезекті премьера өтті. «Біз туралы…» деп аталатын жаңа лирикалық драма 36-шы маусымның ерекше тартуына айналды. Қойылым адам жүрегіндегі мейірім, сағыныш, сүйіспеншілік және кешірім туралы әсерлі оқиғаны баяндайды.

Драма қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Оралхан Бөкейдің «Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша сахналанған. Қойылым адам жанының терең иірімдеріне үңіліп, өмірдің қиын сәттерінде жылулық пен үміттің бар екенін көрсетеді.

Премьераның қоюшы режиссері – Жангелді Садықов. Пластика режиссері – Ақтілек Ақанова. Ал сахна бейнесін жасаған қоюшы суретші – Айсұлу Шарипова. Театр әртістері көрерменге адам тағдырының қиындығын, өмірге және бір-біріне деген сенімнің маңызын жеткізе білді.

Қойылым көрерменге «қоғам қаншалық суық болса да, адамды ұстайтын күш – махаббат пен мейірім» екенін сездіреді. «Біз туралы…» – көктем лебіндей жанды жылытатын, жүрекке үміт сыйлайтын туынды.

Жангелді Садықов, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка- драма театрының қоюшы режиссері

«Біз туралы...» деген атының өзі екі адамның ғана емес, бұл қоғам туралы. Біздің жалпы ойымыз қандай? Осы зағип жандарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жалпы қоғамның толық мүшесі ретінде қарай аламыз ба? Осы мәселе төңірегінде ойлар қозғалады. Екі жас арқылы осы нәрселер беріледі. Біз бұл қойылымда әдемілікті беруді тырыстық. Жалпы әртүрлі эффектілер қолдануға тырыстық. Жаңбыр, ай, қар секілді. «Жылымық» атауының өзі жалпы табиғатпен байланыстырып тұр ғой. Бұл аз ғана уақытқа ғана адамның жанына жылулық шуақ сыйлап кететін сәт. Бұл екі кейіпкердің арасында да сол «жылымық» сәті болады. Екеуінің арасында, бірге болған сәттерде. Сол сәтті біз көрсетуге тырыстық.

Премьера көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Театр ұжымы жаңа маусымда тағы бірнеше туындылар ұсынбақ.

Сабина Жолдаспаева