Аппарат кеңесінің кезекті отырысында екі сұрақ қаралды. Бұл 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындық барысы және қоғамдық қауіпсіздік мәселесі. Өңір басшысы жылу маусымына әзірлікті ерте бастап, ерте аяқтауды тапсырды. 1 қазанға дейін жылыту паспорттары дайын болу керек деді. 

Павлодар облыстық әкімдігінде жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды. Алдымен жауапты басқарма басшысы жылу беретін алпауыт компаниялардағы бұзушылықтарға тоқталды. 

Жалпы облыс бойынша биыл 41 бірлік негізгі жабдықты жөндеу жоспарланған. Қазір 6 бірлік жөнделді. Өңірде гидравликалық сынақтар нәтижесінде 592 ақау анықталды. Оның 471–і қалыпқа келтірілді. Ал, Павлодарда 280 ақау анықталды, оның бәрі жойылды. 1324 көпқабатты үйдің 1207-і ыстық сумен қамтылған. 

Бұл ретте аймақ басшысы әлеуметтік нысандардың дайындығын ертерек қолға алуды тапсырды. Бюджеттік ұйымдардың қарыздарын өтеу бойынша жұмыс жүргізу ұсынылды. 

Аппарат кеңесінің отырысында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Өңірде осы жылдың мамыр айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 14 пайызға төмендеген. 

Жыл сайын облыста қоғамдық тәртіп пен жол бойындағы қауіпсіздікті сақтау үшін 500-ден астам полицей қызметке шығады. Әсіресе қоғамдық орындарға өтетін түрлі шаралар кезінде тәртіп сақшылары сақадай сай дайын, сап түзеп тұрады. Соған қарамастан кейбір көрсеткіштер көңіл көншітпейді. 

Өңірде жолдағы бұзушылық 30 пайызға артқан. Әсіресе жаз уақытында мопед, велосипед көліктері жолға шыққалы тіпті көрсеткіш артатын көрінеді. 

Бұдан бөлек, туристік маусым кезінде өңірге 200 мыңға жуық адам келеді. Оның ішінде шетелдік азаматтар да бар. Сондықтан қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырамын, деді облыс әкімі. 

Самал Қалиқызы