Ішкі істер министрлігі бопсалаудың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы Polisia.kz. сайты хабарлады.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ
Уақтылы жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың арқасында тіркелген бопсалау фактілерінің саны 15 пайызға азайды. Сонымен қатар, аталған қылмыстардың ашылу көрсеткіші іс жүзінде жүз пайыз деңгейінде сақталып отыр. Мәселен, Абай облысында профилактикалық және жедел жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығы тұрғындарынан бопсалаумен айналысқан 6 адамнан құралған қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Қабылданған шаралар олардың заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыруына жол бермеді. Барлық күдіктілер ұсталды.
Павлодар облысында студенттерден ақша бопсалады деген күдікпен екі адам дер кезінде қолға түсті. Полицияның жедел іс-қимылдарының арқасында жәбірленушілерге жасалған қысым тоқтатылып, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Алматы облысында әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылған бопсалау схемасының жолы кесілді. Полиция қызметкерлерінің уақтылы араласуы қылмыстың жаңа эпизодтарының алдын алуға мүмкіндік берді. Іске қатысы бар барлық тұлғалар ұсталып, қамауға алынды.
Ішкі істер министрлігі бопсалаудың алдын алу, ескерту және оның жолын дер кезінде кесу ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Полиция азаматтарды бопсалау фактілері мен өзге де заңға қайшы әрекеттер туралы дереу хабарлауға шақырады. Уақтылы жүгіну қылмыстардың алдын алуға және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ықпал етеді.