Павлодардағы әскери-техникалық мектепте колледж студенттеріне арналған бес күндік әскери-далалық жиын басталды. Жүзге жуық жас сарбаз алғашқы күннен-ақ әскери өмірдің тәртібі мен талаптарына бейімделіп, жауынгерлік даярлықтың қыр-сырын меңгеруде.Толығырақ алдағы сюжетте.
Жиын бағдарламасы саптық дайындық, дене шынықтыру нормативтері және әскери-тактикалық жаттығулардан тұрады. Сонымен қатар қатысушылар қару-жарақпен жұмыс істеу дағдыларын үйреніп, арнайы бөлімшелердің жауынгерлік өнерімен танысады.
ЖОЛАМАН ЖҰМАДІЛОВ, «ЖАС САРБАЗ» ЖӘНЕ «ЖАС ШЕКАРАШЫ» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ КЛУБТАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Бүгін Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі базасында бес күндік әскери-оқу жиындарының екінші күні өтіп жатыр. Жиынға Инновациялық жоғары колледж бен Павлодар жоғары политехникалық колледжінің студенттері қатысуда. Жалпы саны 100 студент қамтылған. Алдымен саптық дайындық пен сапқа тұрғызу өткізіледі. Кейін 100 метрлік норматив тапсырады. Одан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің арнайы жасағы қоян-қолтық ұрыс бойынша көрсетілім ұйымдастырады. Бұдан кейін Калашников автоматын бөлшектеу және жинақтау тәртібі көрсетіледі.
Әскери қызметтің күнделікті тыныс-тіршілігінен сыр шертетін тәжірибелік сабақтар жастардың ерекше қызығушылығын тудырды. Әсіресе арнайы мақсаттағы бөлімшенің көрсетілімдері қатысушыларға әскери мамандықтың жауапкершілігі мен күрделілігін айқын көрсетті.
ӘДІЛХАН СЕРТАЕВ, ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІСІ
Бүгін қоян-қолтық ұрыс бойынша көрсетілім өткіздік. Бұл жазғы далалық жиындардың басталуына орай ұйымдастырылған арнайы сабақ болды. «КӨК БӨРІ» арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар жаз мезгілінде қолданылатын төрт түрлі әскери киім үлгісі таныстырылды.
Мұндай жиындар жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтып, төзімділік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Болашақ Отан қорғаушыларға әскери қызметтің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Дильназ Қуанышбекқызы