Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Тура жол» жобасы аясында «Заң, тәртіп, болашақ» атты жастар форумы өтті. Шараға 14 пен 35 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар қатысты. Жиынның мақсаты жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, заң бұзушылықтардың алдын алу. 

Кездесу барысында қатысушыларға нашақорлықтың зияны, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, діни экстремизм, қаржылық алаяқтық және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамандар жастарға заң бұзушылықтың кез келген түрі жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді. 

ИРИНА ТЕМІРҒАЛИЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ

Форумның басты міндеттердің бірі – дені сау ұлт пен жарқын болашақ қалыптастыру. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысында есірткіні жасырын орындарға қою арқылы таратқан 10-сынып оқушысы ұсталды. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Ал былтыр өңірде есірткі қылмысына қатысы бар 7 кәмелетке толмаған жас жауапқа тартылды.

Форумға арнайы шақырылған сарапшылар тәжірибелерімен бөлісіп, өмірде кездесетін нақты жағдайларды мысалға келтірді. Ашық диалог алаңында жастар мамандарға сұрақтарын қойып, өз пікірлерін еркін жеткізуге мүмкіндік алды.

ӘСЕТ ҚАБДЫУАХИТОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ 

Мемлекеттік органдар қызметкерлері, жастар және халық үшін сыбайлас жемқорлықтың мәнін түсіну және сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды сақтау қызметтік міндеттерді тиісінше орындаудың маңызды шарты болып табылады. Қазіргі жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының бас бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында және мемлекеттің бағдарламалық құжаттарында сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес, ең алдымен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында орнықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырмайынша мүмкін еместігі бірнеше рет атап көрсетілген. 

Мұндай кездесулер жастардың заңға құрметін арттырып, сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. «Заң, тәртіп, болашақ» форумы жастар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.


Сабина Жолдаспаева