1961 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі  Павлодар қаласында телеорталық салу туралы шешім қабылдады. Осы жылдың көктемінде  телемұнара құрылысы басталды.

1965 жылы 7 қарашада Павлодар телестудиясы тұңғыш рет эфирге шықты.

1966 жылға дейін студия аптасына екі мәрте хабар таратса, 1966 жылдың 1 қаңтарынан бастап хабар көлемі ұлғая түсті.

1970 жылы Павлодар телестудиясында бірінші жылжымалы телестанция пайда болды. Тәулігіне 5 сағат хабар таратылды. Фильмотека мен жеке мұрағат жасалды.

1971 жылы Павлодар телеорталығы Қазақстан КСР-де бірінші болып бейнежазу аппаратурасын пайдаланды.

1975 жылдың қаңтарынан Қашыр ауданының «Октябрь»  және «Лебяжі» кеңшарларында ретрансляторлар іске қосылды. Ал маусым айында республикалық телевизия хабарлары техникалық сынақтан өткізілді. 1970 жылдары Мәскеу, кейін Алматы хабарлары экранға шықты.

1980 жылы көлемі бұрынғыдан үш есе үлкен жаңа павильон салынды. Елге белгілі шығармашылық ұжымдарды жазуға мүмкіндік туды. Тіпті сол жылдары студияның өзінде балалар хоры болды.

1983 жылы телевизия толығымен түрлі-түсті форматқа көшті.

1987 жылы телеорталық «Перспектива» түрлі-түсті жабдығының жаңа түріне ие болды. 

1990 жылы студия 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Ол кезде ұжымда 300 адам еңбек етті. 1990 жылдардың бас кезінде студияны техникалық қайта жарақтау жүзеге асырылды. Сапалы бейнетүсірілім жасау, эфирге материалды жедел беру үшін портативті аппаратура пайда болды.

1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басында телевизия компьютерлендірілді, оның техникалық мүмкіндігі кеңейтілді, шығарылған өнім сапасы артты.

2002 жылы Павлодар телестудиясында цифрлы телевизия кезеңі басталды. Ескірген жабдықтар түгелдей әлемдік деңгейдегі телевизиялық техника түрлерімен ауыстырылды.

2008 жылғы қыркүйектен бастап жалпы алаңы 300 шаршы метрлік телевизияның үлкен студиясындағы арнайы жарықтандыру құралдары тұтастай өзгертілді.

2009 жылы жылжымалы телевизия станциясы ( ПТС) алынды.

2009 жыл – «Қазақстан» РТРК» АҚ Павлодар облыстық филиалы «Қазақстан» арнасынан сағат 17.50-ден 18.50-ге дейін (мереке және демалыс күндерінен басқа) аптасына бес рет хабар таратып, облыс тұрғындарының 98,6%- ін қамтиды.

2012 жыл – телеарна 100 % лентасыз хабар тарату үрдісіне көшті.

2013 жыл – сегіз қуатты монтаждау станциялары сатып алынды. Және дәл осы жылы талшықты оптикалық желі бойынша сигнал жеткізу үшін IP құрал-жабдықтармен толықты.

2013 жылы «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы толығымен жаңарып, жаңаша бетбұрыс,  жаңа қарқынмен жұмыс істеді. Оған дәлел эфирдің бет-бейнесінің, бағдарлама атауларының жаңаруы, түрлі аңдатпалар, студиядағы дизайн және жаңа маусымдағы жаңа жобалар, жас дикторлардың эфирге шығуы. 

2013 жыл – телеарнаның хабар тарату уақыты 6 сағатқа ұлғайтылып, мемлекеттік тілдегі бағдарламалар 62 % -ды құрады. Тақырыптық бағдарламалардың заставкалары да студияға сәйкестендіріліп, өзгертілді. 22 наурыз күні тікелей эфирде «Үмітің үзілмесін!» атты қайырымдылық телемарафоны өткізілді. Жиналған қаражат шетелде емделуді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалар қорына құйылды. Бұрыннан келе жатқан бағдарламалардың бірталайы қысқартылып, уақыт талабына сай жаңа жобалар енгізу қолға алынды. Олардың қатарында «Біздің қала»- «Город 718», «Басты назарда...», «Әйел бақыты», «Интеллект», «Добрый вечер, Павлодар!» сияқты танымал жобалар бар. 

2015 жыл – «Қазақстан - Павлодар» телеарнасының интернеттегі ресми сайты – www.pavlodartv.kz іске қосылды

2017 жыл - "Қазақстан-Павлодар" телеарнасы ресми түрде "ERTIS" деп аталды.

2018 жыл -  Телекөрермен асыға күтетін, телеарнаның тұздықты жобасы – «ЕRTIS AQPARAT» бағдарламасының студиясы жаңартылып, бағдарлама мазмұны байытылды.  «1 СТУДИЯ», «АIBYN», «JERUIYQ», «AMANAT», «ÁKIM SAǴATY» сияқты көрермен талғамына сай жобалар пайда болды. Ішкі телеөнімнің үлесі  75%-ға өсті. 

«ERTIS» телеарнасының шығармашылық ұжымы Ресей Федерациясы, Кемерово облысында өткен «Черное золото России-2018» медиафорумына арнайы шақырту алды. Шара барысында «Кузбасс» Мемлекеттік телекомпаниясы мен «ERTIS» телеарнасы арасында өзара тәжiрибе және ақпарат алмасу турасында меморандум бекiтiлдi. Мұнан өзге, 2018 жылдың  қараша айында Ресейдің Томск МТРК; 2018 жылдың қараша айында Ресейдің Алтай МТРК -өзара әріптестік жөніндегі құжатқа қол қойды.

2019 жылы - «ERTIS» телеарнасының жаңа маусымында  «Добрый день» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жастар жылына орай тікелей эфирде «ЖАСТАР ЗАМАНЫ» атты  бағдарлама эфирге шықты. Өңірімізде болатын түрлі айтулы шараларды «ERTIS» телеарнасы жылжымалы телестудия (ПТС) арқылы көрермен назарына ұсынды. 

2020 жылы – телеарна ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. News room, дыбыс жазу студиясы, тілшілер қосыны, дәліздер, операторлар бөлмесі мен басқа да бөлімдердің іші жаңартылды. Жөндеуден өткен ғимарат іші заманауи дизайн бойынша әсемделді. Жаңа жиһаздар мен техника түрлері сатып алынды. 

2021 жылы – жөндеу жұмыстары телеарнаның әкімшілік ғимаратында жалғасты. Дәліздер, эфир жүргізушілеріне арналған бөлме, грим жасайтын орын, қонақтарға арналған бөлім толықтай жөндеуден өтті. Телеарна техникалық тұрғыда жаңа жабдықтарға ие болды. Монтаж жасауға арналған заманауи компьютерлер алынды. Бүгінгі таңда облыстық телеарна тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Оның 60 %-ы өзіндік өнім болып есептеледі. Арна журналистері дайындайтын 30 жоба бар. Бағдарламалардың 85 %-ы  қазақ тілінде және 15 %-ы орыс тілінде жарыққа шығады. 

2022 жыл облыстық телеарна үшін ерекше жемісті жыл болды. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бірнеше есе өсті, еңбек адамдарын көрсетуге бағытталған жаңа телевизиялық жобалар пайда болды. Павлодарлықтарға көптеген қалалық және ауылдық жобалар КҚҚ жұмысының арқасында онлайн режимінде көрсетілді. "AMANAT" партиясының жастар қанатымен алғаш рет "АрмандаSTAR" ток-шоуының жобасы іске қосылды, онда жастар ортасының өзекті мәселелері талқыланды.

2023 жыл Инвестициялық бюджеттен қомақы қаржы бөлініп, студиялық камералық каналды техникалар, студияның жарықтары жаңартылды және студиялық камера алынды. Жаңа телевизиялық жобалар пайда болды. Салт дәстүріміздід дәріптейтін «Шәй ішейік», екі тілде шығатын «ОйLaik» ток-шоу бағдарламасы, жаңа форматта өзекті мәселелерді талқылайтын қоғамдық саяси «1студия», подкаст форматындағы «Әкім сағаты» және «Әуен әлемі» бағдарламасы көрермендер көзайымына айналды. Биылғы жыл «ERTIS» телеарна үшін ерекше жемісті жыл болды. 1 қызметкер «Ерен еңбегі үшін», 2 қызметкер «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.