Хамза Тоқпанов атындағы студия 2025 жылдың 7 қарашасында облыстық телеарнаның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды.
Хамза Махамбетұлы Тоқпанов
Соғыс және еңбек ардагері, облыстық телерадионың негізін қалаушы, есімі қазақ телевизиясының тарихына алтын әріппен жазлған тұлға.
1963 жылы - аймақта телеорталық құрылысы басталып, 1965 жылы 7 қарашада алғашқы хабарын тартты. Осы тұста ол бірауыздан телерадио хабарларын тарату бойынша облыстық комитеттің төрағасы болып сайланып, 1986 жылға дейін табанды еңбек еткен болатын.
Павлодар студиясы тұңғыш рет жергілікті эфирге шыққан кезде телевизиялық сигналдың ұзақтығы 40 шақырымнан аспайтын. Иә, арада сан жылдар өтті. Қиындығы мен қызығы қатар саланы меңгерудің озық үлгілері енгізіле бастады. Х.Тоқпанов Мәскеуге барған қызметтік сапарларының бірінде мемлекеттік телерадио техникалық қызметі басшысымен кездейсоқ тілдесіп қалады. Ал ол болса сол кездегі Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы И.М.Буровтың жақын танысы болып шығады. Сөйлесе келе түрлі-түсті хабар таратуға қажетті телеқұрылғыға қол жеткізу туралы өтінішін айтады. Оның тынымсыз еңбегінің арқасында біздің облыс Қазақстанда алғаш болып түрлі түспен хабар тарату құрылғыларына да қол жеткізді.
Хамза Махамбетұлы Тоқпановтың бастамасымен қазақ тіліндегі хабар тарату көлемі ұлғайтылды, кәсіби теле және радио журналистер қатары қалыптасты.Үш орден, оннан астам медальдардың иегері атанған қажырлы жанның есімі өмірін телевидение және радиомен байланыстарған әріптестері үшін қашан да ыстық.
Болашақта студия ішіндегі жәдігерлер санын арттырып, шағын музейге айналдыру жоспарда бар. Әзірге облыстық телевидениенің іргесі қаланған тұстан деректер беретін құжаттар, әр кездерде пайдаланылған техника мен фотосуреттер қойылған.