Май ауданының халқы таза ауыз суға жарымай отыр. Осыдан үш жыл бұрын су құбыры тартылған. Алайда, шүмектен аққан судың сапасы көпшіліктің көңілінен шықпайды. Жақында медициналық тексеруден өткен тұрғындардың басым бөлігінде бүйрегінде құм жиналғаны анықталған.  
 
Май ауданына орталық су құбыры 3 жыл бұрын тартылған. Бірақ, басынан дау арылар емес. Тұрғындар тіршілік нәрінің сапасыз екенін айтып жиі шағымданады. Судың сапасына күмәнданған тұрғындар медициналық тексеруден өткен. 
Ерболат Түсіпбеков, Саты ауылының тұрғыны:
Осы жуырда «Саламатты пойыз» деген келген сонда біздің ауылдан 10-15 шақты адам бардық. УЗИ-ге түскен кезде түгелінің бүйректерінен құм шықты. 
Ал су тазарту стансасына жауапты мамандар бізде кінә жоқ - деп өздеріне шаң жуытпайды. 
Арман Оспанов, «Нұра топтық су құбыры» РМК «Ертіс» филиалының директоры:
 «Ертіс» филиалы су сорғы станциясы орналасқан Баскөл ауылы мен Ақжар елді мекені дейінгі аралықтағы орталық магистралге жауапты. Ал, әр ауылдың ішіне тартылған құбырларға біз қызмет көрсетпейміз.
Ауылдарды сумен қамтуға әкімдік жауапты. Аудан әкімі су сапасына қатысты күдік барын растады. 
Ағыбай Әмірин, Май ауданының әкімі:
Су қайнатқан кезде шәйнектің болсын, самауырын болсын түбінде қалатын ұнтағы бар. Екіншіден жуған кезде қолыңды жуу басқадай сабын көпіре қоймайды. Иә, қаттылығы бар. Оны қабылдаймыз. Мен бірінші келген күннен бері айтқам біз судың сапасы бойынша шегіне жетуіміз керек. 
Мәселені шешу мақсатында әкімдік Алматыдан арнайы ғалымдарды шақырып сараптама жасатқан. Олар судың қатты екендігін растапты. Сол үшін тағы да қосымша су тазартқыш қондырғылар орнатуды ұсынған. Айта кетерейік, бұл су құбырын жергілікті халық 10 жыл бойы күткен болатын.
 
Аяулым Рахымжанова