Тереңкөл ауданына оңтүстіктен бірден алты отбасы көшіп келді. Құтты мекенге қоныс аударғандар бүгінде шаруаға кірісіп, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жатыр. Тіпті аз ғана уақыт ішінде ағайынның келуімен ауылдағы халық саны көбейген.
Осыдан үш жыл бұрын Алтай Аманов бала-шағасын алып, Арыс қаласынан солтүстікке көшіп келген. Оның бірден-бір себебі: оңтүстікте жұмыс тапшылығы. Ертіс өңірінің ауа райы жағып, осы жаққа көшу туралы шешім қабылдапты. Жаңабет ауылында салынған жаңа баспана берілген. Қазір отағасы мен үлкен ұлы шаруашылықта еңбек етеді. Ал, келіншегі мектепке жұмысқа тұрыпты.
Алтай Аманов, қоныс аударушы:
Жақын арада елге барып қайттым. Оңтүстікке. Ауылға барып, бір апта әрің шыдадым. Осы жақтың ауа-райы өзіме ыңғайлы болып қалды. Оңтүстікте жұмыс істейтін жұмыс орны жоқ. Дипломы бар үлкен балама да жұмыс жоқ. Осы жаққа келгеніме қуанамын. Ырза болып отырмын.
Киелі өңірдің жері шұрайлы. Мал өсіріп, диқаншылықпен айналысуға өте қолайлы мекен. Алтай Аманов Тереңкөлде тамырын тереңге жайып, енді мал шаруашылығымен айналысуды көздеп отыр.
Алтай Аманов, қоныс аударушы:
Мен мал шаруашылығымен айналысайын десем оған жер жоқ. сонымен екі ойлы болдым. Не істерімді білмей. Енді сол мәселені жоғарыдағы басшылар шешесе деп ойлаймын.
Ал, 20 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Нұржамал Өмірбекова жергілікті мектепке жұмысқа орналасқан.
Нұржамал Өмірбекова, қоныс аударушы:
Бес баланың анасымын. Бастауыш сынып мұғалімімін. Жақсы қарсы алды. Халқы ұнады. Ұлым оқуын бітіріп, әкімдікке жұмысқа орналасып жатыр.
Қазір Жаңабет ауылында оңтүстіктен қоныс аударған 10-ға жуық отбасы тұрады. Оларға қатарласа салынған жалдамалы жаңа баспаналар бес жылға берілген. Жалпы, соңғы үш жылда көші-қон бағдарламасы аясында Тереңкөл ауданына 300- ге азамат қоныс аударған.
Аяулым Рахымжанова