Ақсу қаласындағы Черемушки шағын ауданының тұрғындары діттеген жеріне жетуі үшін күн сайын қауіпсіздік ережелерін бұза отырып, темір жолды кесіп өтуге мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, мектепке, балабақшаға, тіпті жұмысқа барудың басқа жолы жоқ. Ауыл тұрғындары бұл мәселені талай рет көтерген.

Черемушки шағын ауданында 200 отбасы бар. 500 тұрғын күн сайын осы теміржол арқылы мектепке, жұмысқа, ауруханаға барады. Тіпті еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін осы вагондардың астынан өтуге мәжбүр. Билік өкілдері өткен жылы бұл мәселенің түйіні шешіліп, жаяу жүргіншілер жолын салып беруге сөз берген. Алайда мәселе әлі де шешімін таппады.

Наталья Лукашевич, «Черёмушки» шағын ауданының тұрғыны:

Біз өз өмірімізге қауіп төндіретінімізді түсінеміз, бірақ басқа жол жоқ. Автобустар өте сирек жүреді. Біз ауруханаға немесе поштаға тез жетуіміз керек.

Зоя Стрелина, «Черёмушки» шағын ауданының тұрғыны:

Бізге міндетті түрде көпір қажет. Біз бұл мәселені 2000 жылдан айтып келеміз. Бізге көпір болады деп айтты, бірақ әлі ол жоқ. Тұрғындар вагондардың астынан жүруге мәжбүр.

2022 жылы тұрғындардың жағдайы БАҚ-да жарияланғаннан кейін облыстық шенеуніктер мәселені шешуге сөз беріп, сол жылдың соңына дейін жаяу жүргіншілер жолы пайда болады деп сендірген. Жыл өтті, көпір жоқ. Тұрғындардың да үміті сейілді.

Ернар Маманов, желілік полиция бөлімінің бөлімше бастығы:

Біздің қызметкерлер теміржол жолдарымен өтетін Черёмушки тұрғындарын ұстайды. Олар 559-баптың 5-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірінші рет әкімшілік ескерту жасалады, екінші рет 3 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.

Күніне желілік полиция қызметкерлері шамамен 5 адамға айыппұл салады екен. Егер бір адам рұқсат етілмеген жерден өтсе, күніне 6 АЕК көлемінде айыппұл салынады, бұл айына шамамен 130 АЕК.

Нұрлан Дүйсембинов, Ақсу қаласының әкімі:

Мұның бәрі уақытқа тіреледі. Конкурсты жариялау уақытын күту, одан кейін мердігерді анықтау керек. Бұдан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірленді. Бұл жұмыстар көп уақытты алды. Ал қазіргі уақытта құжаттама қаралуда.

Қауіпті учаскеде жаяу жүргіншілер көпірі қашан пайда болатыны белгісіз. Нақты жауап жоқ.

Мөлдір Сағидолла, Евгения Мягченко