Павлодар облыстық «Ажар» оңалту орталығында қызметтер мен қалыпқа келтіру емінің сан түрі өткізіледі. Жеті жасар Саша СмелОвтың тарихы қазіргі заманғы медицина мен мамандардың денсаулықты қалпына келтіру жолындағы барлық қиындықтарды жеңе отырып, балаларға жаңа үміт сыйлап, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік бере алатындығының жарқын мысалы болып табылады.

Балалардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын қалпына келтіру үшін оңалту қызметінің орны ерек. Оған дәлел Саша СмелОв атты бүлдіршіннің басынан өткен оқиға. Дұрыс және уақтылы оңалту емін алған кішкентай пациент пен оның отбасының өмірі толығымен өзгерді.

Ольга Смелова, анасы:

Балабақшаның ауласында балалармен ойнап жүріп сүрініп, құлап, аяғын сындырды. Ауруханаға апардық. Диафиздің сынуымен екінші рет түскендіктен, ота жасап, аяғына ине қойды. Бір жарым ай бойы бала гипспен жатып, аяғы толығымен атрофияға ұшырады. Гипсті алып тастағаннан кейін баланы нөлдік белсенділікпен біз осында әкелдік.

Бұл отбасының осы оңалту орталығына жүгінгеніне екі аптадан асты. Бүгінде баланың сынығы бері қарап, әжептәуір оң өзгерістер пайда болды.

Ольга Смелова, анасы:

Бала қазірдің өзінде менің көмегімсіз өзі қозғала алады. Бұл біз үшін үлкен жетістік.

Саша оңалту емін алуды әрі қарай жалғастыруда. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында толығымен тегін жүргізіледі. Бала емдік дене шынықтырумен айналысады, массаж және физиотерапия курсынан өтіп, басқа да бірқатар процедураларды алады. Дәрігерлер баладағы оң динамиканы атап өтті.

Шыңғыс Кәмешев, реабилитолог дәрігер:

Бұл науқас 27 маусымда оң жамбастың ауыруы мен ісінуі және деформациясы туралы шағымдармен келді. Пациент қазір өзі қозғалады, ал қабылдау кезінде ол кресло-арбада отырды, үнемі көмекке мұқтаж болды. Қазір оның динамикасы оң, жақсартулар бар, яғни қозғалыста шектеулер жоқ, пальпация мен тексеру кезінде ауырсынулар жоқ.

Бүгінде Саша СмелОв денсаулығы үшін күресті жалғастыруда. Оның ауырсынбай, шынайы күлімдеуі осындай қиындықтарға тап болған басқа балалар үшін үміт отын сыйлайды. Баланың денсаулығы мен шат күлкісінің қайта оралуы - оңалту мен жан-жақты қолдаудың маңыздылығын дәлелдейді.

Гүлсара Мәлікова, Валентина Леонова