Елімізде 400 мыңдай адам құмар ойындардың құрбанына айналған. Алайда, психологиялық оңалту орталықтарына жүгінгендердің саны 20-ға да жетпейді. Өйткені бәске басын тігіп, барынан айырылғандар жеке клиникаларға барады. Лудомандардың ауруын жасыруына не себеп? Неге бәс тігуді ұнататындардың құқығын қорғайтын заң қабылданды?
Ануар құмар ойындарға 18 жасынан әуестенген. Алдымен дүкендер мен ойын клубтарында тұратын арнайы автоматтар арқылы бәс тіксе, артынан үлкен спортқа ауысқан. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын азамат оны тамашалап қана қоймай, пайда көрудің жолын іздеген.
АНУАР – АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мен көбіне футбол матчтарына бәс тігетінмін. Бастапқыда жолым болып, жеңіл ақшаға тез үйрендім. Бірақ, арадан көп өтпей ұтыла бастадым. Қарыз алмаған танысым қалмады. Қарап отырсам 20 жыл ойнаппын. Осы уақыт аралығында жақындарымның бәрі менен теріс бұрылды. Тек ата-анам бетімнен қақпады. Бірақ, амал нешік сары уайымға салынып екеуі де денсаулығынан айырылды.
Осындай қиын кезеңнен кейін Ануар құмар ойыннан үзілді-кесілді бас тартқан. Қазір Атыраудағы жеке орталықтардың бірінде емделіп жатыр. Клиника мамандарының сөзінше, лудомания кейде нашақорлықтан асып түседі. Сондықтан науқастарды емдеу қиынға соғады.
ТИМУР РАМАЗАНОВ – ПСИХИКАЛЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ БҰЗЫЛЫСТАРЫ БАР НАУҚАСТАРДЫ ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
Сатқан да бар, үйін сатқан да бар, ата-аналарын ақшаға отырғандар бар. Бұл ауру ғой. Әр адамның стадиясы бар. Соған жүгіне отыра әр адамға подход әртүрлі болады. Сол адамдармен сөйлесе отыра, тура бағытты көрсете отырып дұрыс жолға түсіреміз.
Қазір еліміздің кез келген өңірінде лудомандарды емдеуге арналған мемлекеттік клиникалар жұмыс істеп тұр. Бірақ, оларда небары 15-ақ адам тіркелген.
НӘБИ ЕСІМОВ – ҚР ДСМ «РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Әрине ондай науқастар бізге көп жүгіне бермейді. Себебі тіркеуге алады деп қорқады. Тіркеуге алатын болса, оларға қоғамдық жағынан салдары тиеді. Мысалы автокөлік жүргізу мүмкіндігінен айырылады немесе жұмысқа орналасуға тыйым салынады.
Яғни, психологиясы бұзылған деген диагноз қойылады. Сондықтан да мемлекеттік мекемелердің тегін болғанына қарамастан ойынқұмарлар жеке клиникаларға жүгінеді.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Бұрынғыша айтқанда «сары қағаз» береді. Яғни, жұмысқа орналаса алмайсыз, сіз жайлы ақпараттар барлық жерге тарайды. Біз заңға өзгерістер енгіздік енді барлық азаматтардың барлық медициналық құпияларын сақтай отырып, азаматтар барып емделе алады. Бұл өте маңызды нормалардың бірі.
Індеттей өршіп, тұтастай ұлтқа қауіп төндірген дертпен күресу мақсатында Мәжіліс депуттарттарының бастамасымен заңға тағы бірқатар өзгеріс енгізілді. Мәселен, көшелерде, үйлердің қасбеті мен көліктердің сыртында букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салынды. Одан бөлек, несиесін 90 күннен астам уақыт төлемей жүрген, алимент пен салыққа қарызы 3 млн-нан асқан азаматқа, сондай-ақ 300 мыңға жуық әскери мен мемлекеттік қызметшіге бәс тігуге тыйым салынды.