Ал облыс орталығындағы жылы аялдамалар жылы ма? Қыстың қақаған аязды күндері қоғамдық көлік күтіп тұрған жолаушыға жылы аялдамалар ауадай қажет. Бүгінде Павлодар қаласында 12 аялдама орнатылған. Алайда тұрғындар бұл жеткіліксіз деп отыр. Сондай-ақ іші салқын деп шағымданады. Жылы аялдамалар жайлы ма? Тілші әңгімесінде.

Біз қаланың орталық көшелеріне орнатылған жылы аялдамалардың жайын білу үшін аралап шықтық. Бағытымызды орталық көшедегі аялдамалардан бастадық. Бұл павильонда тұрғындардың көп болатыны белігілі.

ӘЙГЕРІМ ТОҚПАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ

Жылы аялдама жылы емес. Сыртта тұрдың не іште тұрдың айырмашылығы жоқ. Өйткені мында да анда да суық. Павлодар қаласында осындай жабық типтегі 12 аялдама бар. Бірақ сарышұнақ сары аязда қала тұрғындары далада тонып тұр.

Жылы аялдамада жылу жүйесі мардымсыз. Іші суық, әрі лас. Шаһар тұрғындары ішіне кірмейміз деп айтады. Себебі, оның ішін маскүнемдер паналайды екен.

  12 аялдаманың 4-уі кәсіпкердің есебінен орнатылған. Қала әкімдігіне тиісті аялдамалар коммуналды сервис қызметінің құзырында. Жауаптылардың сөзіне сенсек аялдамалар жылыту, жарықтандыру және электрмен жабдықтау жүйелері, сондай-ақ кондиционерлермен қамтылған.

АЙНҰР СӘДУАҚАСОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ

Қазір барлық павильондар жұмыс істеп тұр. Тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары күн сайын тұрақты негізде жылы аялдамаларға мониторинг жүргізеді. 12 аялдаманың 4 –уі кәсіпкердің жеке қалтасынан салынды. Олар бұл нысандарға өздері қызмет көрсетеді. Қалған жылы павильондар қала әкімдігінің есебінде.

 Сақылдаған аязда жол бойындағы жолаушыға қиын-ақ. Аялдамалар жыл сайын жаңарады. Бұл павильондарға да қыруар қаражат жұмсалды. Қала тұрғындары өз кезегінде ортақ мүлікке барынша сақ болу қажет.

Әйгерім Тоқпанқызы