Негізгі Жаңалықтар Аппарат жиыны

Аппарат жиыны

Көп ұзамай қыс келеді. Қатал мезгілге дайындық қызу. Облыстағы тұрғын үйлерді жылыту және төрт түліктің жем-шөбіне қамданудан бөлек, көлік жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстауға да дайындалуда. Бүгін облыстық аппараттың жиынында алдымен осы мәселе қаралды.


Облыс бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 852 шақырымды құрайды. Осы жолдардың күтіміне 2,3 миллиард теңге бөлінген. Оның 1,6 миллиард теңгесі облыстық, 752 миллион теңгесі аудандық маңызы бар жолдарға жұмсалады. Қыс мезгілінде қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін басқарма мен қала және аудан әкімдіктері 36 мердігер ұйыммен шарт жасасты.


Қанат Қашкиров, Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы


Мердігерлер 10 мың тоннаға жуық көктайғаққа қарсы материал мен 658 тонна жанар-жағармай дайындады. Бұл жанар-жағармайға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жолдарды күтіп-ұстауға 334 арнайы техника жұмылдырылады. Оның 101-і облыстық, 233-і аудандық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді.

Қанат Қашкиров жазғы-күзгі кезеңде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қар басып қалу қаупі бар жол учаскелерінің саны 115-тен 94-ке дейін азайғанын атап өтті. Олардың жалпы ұзындығы 270 шақырымнан 244 шақырымға қысқарған. Жол бойларына қардан қорғайтын қалқан орнатылып, жол жиегіндегі шөптер шабылып, су өткізетін құбырлар жабылуда.

Бұдан соң өңірдегі цифрландыру барысы айтылды. Атаулы жыл аясында облыста 52 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген екен. Оның 37-сі орындалыпты. Қалғаны орындалу сатысында.

Жиын соңында Асайын Байханов басқарма басшылары мен қала және аудан әкімдеріне Smart Region жобасын дамыту бойынша өз ұсыныстарын әзірлеуді тапсырды. Бастамалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын цифрлық шешімдерге негізделуі керек. Сонымен қатар мұндай жобалар қалаларда ғана емес, аудандарда да жүзеге асырылуы тиіс екендігін айтты.

Бөлісу