Негізгі Жаңалықтар Павлодарда Батырхан Шүкенов құрметіне мурал салынды

Павлодарда Батырхан Шүкенов құрметіне мурал салынды

Павлодар қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің қабырғасында Батырхан Шүкеновтің бейнесі салынған жаңа мурал пайда болды. Бұл өнер туындысының авторы – жергілікті суретші Наталья Королёва. Қала тұрғындарының бұл туындыны қалай қабылдағаны және таңдаудың неге атақты әншіге түскені жайында – алдағы материалда.


Жаңбыр мен ауа райының қолайсыздығы шаһарда жаңа муралдың салынуына кедергі бола алмады. Идеяның авторы – Наталья Королёва. Ол Батырхан Шүкеновтің шығармашылығын ерекше жақсы көретіндіктен, «Қандай өнерпаздың бейнесін салсам екен?» деп ұзақ ойланбай, таңдауын бірден жасаған.

Наталья Королёва, мурал авторы

Бастапқыда суретті қаланың орталығындағы бұдан да үлкен қабырғаға салғым келген. Алайда ғимарат иесімен келісімге келе алмадық. Содан кейін осы қабырғаны таңдадым. Бұл жер өз үйіме жақын, ашық кеңістікте орналасқан әрі адамдар да көп жүреді. Сондықтан еңбегім назардан тыс қалмайтынына сенімдімін.

Муралды салуға бір апта уақыт кеткен. Суретшінің айтынша, ең қиыны әншінің жанары мен күлкісін салу болған. Дегенмен туынды қала тұрғындарының көңілінен шықты: жұртшылық мұнда суретке түсіп, әлеуметтік желілерде бөлісуде.

Кейіпкеріміздің отбасы да оның бұл бастамасына қолдау көрсетті: балалары анасына келіп, жәрдем етті. Бұрын олар Батырхан Шүкеновтің шығармашылығы туралы аз білсе, қазір әндерімен және мұрасымен жақынырақ танысуда.

Наталья Королёва, мурал авторы

Менің негізгі мамандығым – суретші. Мен киім тігумен және шеберлік сағаттарын өткізумен айналысамын. Яғни жұмысым өнер мен шығармашылықпен тығыз байланысты.

Болашақта Наталья қаладағы ғимараттардың қабырғаларына өзге де танымал тұлғалардың бейнелерін салмақ. Алайда бұл жоспарын тек келесі жылы жүзеге асыруға тура келеді. Себебі күн суып, қыз мезгілі таяп қалғандықтан, ашық аспан астында жұмыс істеу қиынға түспек. Десе де қазір Батырхан Шүкеновтың бейнесі қала көшесін көркейтіп, тұрғындар мен қонақтарға жарқын эмоциялар сыйлап тұр.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу