Негізгі Жаңалықтар Үлкен арманға бастар жол

Үлкен арманға бастар жол

Ертіс ауданында отбасылық кәсіп ашқан Дарья Мукушева «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен өз ісін қолға алды. Жеңілдетілген несиеге дәмхана салып, кейін ғимаратты кеңейтті. Бүгінде мұнда ауыл тұрғындары күнделікті ас ішіп қана қоймай, отбасылық мерекелерін де атап өтеді. Ал кәсіп иесінің алдағы мақсаты – дәмхананы толыққанды мейрамханаға айналдыру.


Бұл дәмхана 2025 жылы ашылды. Кәсіптің негізін қалаған отбасы ауыл тұрғындарына жайлы орта қалыптастырып, дәмді тағам ұсынуды мақсат еткен. Алғашында шағын істен басталған жоба уақыт өте келе кеңейе түсті. Қазір мұнда келушілерді қабылдауға арналған үлкен зал бар. Дәмхана ауыл тұрғындарының бас қосып, мерейтойлар мен отбасылық мерекелерді атап өтетін орнына айналып келеді.


Әсемгүл Мұталапова, Ертіс ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы


Бұл ісін жаңадан бастаған жеке кәсіпкерлер мен кооперативтерге арналған жеңілдетілген бағдарлама. 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2025 жылға дейін тұрғындарға 51 жоба бойынша несие берілді.


Кәсіп ашу үшін идеяның болуы жеткіліксіз. Оны жүзеге асыруға қаражат, уақыт пен еңбек қажет. Әсіресе, ауылдық жерде ғимарат салып, қажетті жабдықтарды сатып алу кәсіпкер үшін үлкен жауапкершілік. Дарья Мукушева да бұл іске отбасымен бірге кіріскен. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, алдымен дәмхананың құрылысын бастаған. Кейін келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін ғимаратты кеңейтуді қолға алған.


Дарья Мукушева, дәмхана иесі


Кез келген кәсіпке қаражат салу керек. Біз 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алдық. Газоблоктар сатып алып, іргетасын дайындап, қабырғаларын көтердік. Біз бір орында тоқтап қалған жоқпыз, кәсібімізді дамытып келеміз. Жақында аумағы 400 шаршы метр болатын үлкен ғимарат салдық. Енді адамдар осында келіп, отбасылық мерекелерін, мерейтойлары мен басқа да қуанышты күндерін атап өте алады.


Кәсіп иесінің енесі мейрамхана саласында ұзақ жылдар еңбек еткен. Оның тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жаңа істі бастауға түрткі болған. Отбасы өз кәсібін дамытумен қатар, ауыл тұрғындарына да қолайлы орын ұсынуды көздеген.


Дарья Мукушева, дәмхана иесі


Бұл істі бастауға енемнің ықпалы зор болды. Ол осы салада көп жылдан бері жұмыс істейді. Отбасымызбен ақылдасып, осындай кәсіп ашуды шештік. Бұл біз үшін де, ауылымыздың дамуы үшін де маңызды. Адамдар бізге келіп, дәмді тамақ ішіп, жайлы ортада уақыт өткізсе дейміз.


Қазір дәмхананың жаңа ғимараты көп қонақты қабылдауға және түрлі отбасылық шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Кәсіп иелері алдағы уақытта да қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.


Дарья Мукушева, дәмхана иесі


Әрине, алдағы уақытта толыққанды мейрамхана ашамыз. Бізге қазірдің өзінде адамдар телефон шалып, кеңею ойымызда бар-жоғын сұрайды. Өйткені олар өздерінің мерекелерін дәл бізде өткізгісі келеді.


Жеңілдетілген несие ғимарат құрылысын бастауға мүмкіндік берсе, отбасының бірлескен еңбегі кәсіпті кеңейтуге жол ашты. Ендігі мақсат дәмхананы толыққанды мейрамханаға айналдырып, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсету. Кәсіп иелері өз армандарын жүзеге асырып қана қоймай, туған жерінің дамуына да үлес қосып келеді.


Сабина Жолдаспаева

Бөлісу