Павлодарда заңсыз қоқыс алаңдары көбейген. Аймақ бойынша 30-дай орын анықталды. «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде өңірдің экология департаменті мен депутаттар бірлесіп, рейді жұмыстарын жүргізді. Заңсыз қоқыс тастағандарға қандай шара қолданылады? Тілшіміз біліп келді.

Павлодар қаласында заңсыз қоқыс тасталған 10 полигон анықталды. Солардың бірі шаһардың өндірістік аумағында орналасқан. Мұнда құрылыс және тұрмыстық қалдықтар жатыр. Соған қарағанда бұл жақын маңдағы кәсіпорындардан шығарылған қоқыс болуы мүмкін. Қоқыс алаңының қасында қазылған үлкен қазандық бар. Депутаттар бұл қалдықты осында көміп тастауды ұсынды.

Заңсыз қоқыс тастаушыларды анықтау мүмкін емес. Өйткені, бұл жерлерді ешкім күзетпейді. Депутаттар мәселені шешудің жолын да айтты.

Бақылау топтарын құруды ұсынамын. Оның құрамында депутаттар, қоғам белсенділері тағы басқа азаматтар болсын. Полиция департаментімен бірлесіп, бұл істі атқаруға болады деп ойлаймын. Ең болмағанда, айына екі рет рейдке шығып тұрса да жеткілікті. Болмай бара жатса, полиция қызметкерлерін осында күзетке қою керек. Қоқыс тастағандарды камераға түсіріп, әлеуметтік желіге жарияласа, тұрғындар кімдердің қаланы ластап жүргенін біледі.

Бұдан бөлек депутаттар бұл іске тұрғындар да бей-жай қарамау керектігін айтады. Кез келген адам бұндай заң бұзушылықтың куәсі болса, өздері смартфонына көліктің номерін түсіріп, құзырлы органдарға жолдай алады.

МАҒЗҰМ ҚОҚЫМБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Заңсыз қоқыстарды жоюға бөлген бюджет қаражаты бұл мәселені шеше алмайды. Қоқыс тастаушыларды тоқтату үшін әкімшілік күш керек. Яғни, жергілікті атқарушы органдар полициямен бірге қоқыс тастайды деген алаңдарға үнемі бақылау жасап отыруы керек.

Бұл мәселені экология департаменті мен депутаттар жіті бақылауда ұстайтын болады.

Өзгеріс Қуанар, Анастасия Ерш, Евгений Олейник, ЕА