Жыл сайын ұйымдастырылатын «Қазақстан барысына» іріктеу кезеңі өтті. Өңіріміздің үздік балуаны атағын 25 қатысушы сарапқа салды. Толығырақ – тілші әңгімесінде.

Тартысты жарыс Баянтау спорт кешенінде өтті. 12 команданың намысын қорғауға шыққан 25 балуан боз кілемде мықтыны анықтады. Бас төрешінің айтуынша, жыл сайын доданың дәрежесі өсіп, болашағынан үміт күттіретін балуандар қатары артып келеді.

2015 және 2018 жылдары «Павлодар барысы» атанған Арман Махамбетов те осы жолы бағын сынауға келді. Бүгін де аянып қалмай, жеңімпаз атануға тырысатынын айтады.

Былтыр «Қазақстан барысында» қола еншілеген баянауылдық Мұхтар Дәлелхан турнир жеңімпазы атанып, чемпион белбеуі, медаль және ақшалай сыйлыққа ие болды. Павлодарлық Еркебұлан Егінбаев күміс иеленсе, жерлесі Алихан Айтжанов қанжығасына қола салды. Ақтық сынға шыққан қос балуан ел біріншілігінде аймақ абыройын асқақтату үшін барын салады. Республикалық турнир 2 шілдеде Астана қаласында өтеді.

Жұлдыз Қабылденова