Павлодар ауылы өңірімізде көкөніс өсіруде жетекші орын алады. Мұнда тұрғындардың басым бөлігі жылыжай салып, өнімдерін облыстан тыс жерлерге де жібереді. Бұл істі Қытайдан қоныс аударған азаматтар да жақсы меңгерген.

Павлодар ауылына Қытайдан қоныс аударған азаматтар жергілікті тұрғындар арасына тез сіңіп кетті. Мұнда Ли, Лу, Вэй есімді көршіңнің болуы – таңсық дүние емес. Мысалы, Александр Ли 1991 жылы Қазақстанға қоныс аударып, бірден Павлодар ауылына табан тіреген. Себебі мұнда 60-ыншы жылдардан бастап оның көптеген туыс-туғаны тұрады.

Александр Ли жарымен бірге тәулік бойы жылыжайда жұмыс істейді. Олар қызанақ, баялды, кәді, бұрыш өсіреді. Өнімдері Павлодар нарығында сатылады. Кейіпкеріміз Қазақстан оның екінші отанына айналғанын атап өтті. Себебі мұнда отбасын құрып, балаларын өсіріп, қызмет етіп келеді.

АЛЕКСАНДР ЛИ, ПАВЛОДАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Қазақстан өзімізге ұнайды. Мұнды жайлы, тыныш. Отбасым, жарым, үйім – барлығы осында. Өте жақсы өмір сүріп жатырмыз.

30 жылдан астам уақыт Қазақстанда тұратын Ли әулеті қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тағамдарын да жақсы көретінін айтады.

Қыздары тұрмыс құрып, тарихи Отанына оралғанына қарамастан, Александр Лидің ондай ойы жоқ. «Елімізде жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған»,- дейді. Тек жұмыс күшінің жетіспеушілігі алаңдатады. Десе де, отбасы өз күшімен кәсібін өрге домалатып отыр.

ЖҰЛДЫЗ ҚАБЫЛДЕНОВА, ВАЛЕНТИНА ЛЕОНОВА, АЛЕКСЕЙ МЕХЕДОВ, ЕА