Ақсу қаласында электр монтаждау мамандығы бойынша студенттер арасында аймақтық чемпионат өтіп жатыр. Сайыс барысымен тілшіміз танысып қайтты.

Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары колледжінде Worldskillspavlodar-2024 байқауы ұйымдастырылды. Сайысқа өз оқу орынында үздік атанған 10 студент бақ сынауда. «Мұнда олардың шеберліктерін көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған»-дейді ұйымдастырушылар.

ГҮЛМИРА ЖҰМАДІЛОВА, САЙЫС МОДЕРАТОРЫ

 «Жас маман» республикалық жобасының аясында біз зертхананы жаңартуға мүмкіндік алдық. Сондай-ақ құзыреттілік орталығын аштық. Ол уорлдскилс, яғни халықаралық стандарттарға сай, сұранысқа ие заманауи жабдықтармен жабдықталған. Барлық саймандар өндірістегі шынайы құралдарға барынша ұқсас»

Чемпионат сәуірдің 22-нен 24-не дейін, яғни 3 күнге созылады. Қатысушылар әр күні түрлі бағыттағы тапсырмаларды орындайды.

Жеңімпаз атанған студент ұлттық чемпионатқа жолдама алады. 30 мамандық бойынша чемпионат қараша айында Астана қаласында өтеді.

Жұлдыз Қабылденова