Қалашілік көлік тасымалының маңызды бір бөлігі қоғамдық көліктердің жеткілікті болуы. Жеткілікті болып қана қоймай, жаңа болса нұр үстіне нұр. Бұл жұмыс облыста соңғы жылдары қолға алына бастады. Осылайша Павлодар көшелеріне арналған жаңа автобустардың тағы бір партиясы жеткізілді.

Сыйымдылығы орташа бұл автобустар Павлодар қаласының тұрғындары үшін қызметін бастап та кетті. Соңғы үлгідегі қоғамдық тасымалға арналған көліктерде жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға оңтайлы.

Қоғамдық көлік халық игілігі үшін. Сондықтан, жаңадан келген көліктердің жүру бағытын бөлу кезінде алдымен тұрғындардың талап-тілегі ескерілген.

ХАСАР ХАБЫЛБЕКОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бұл автобустар 115-ші және 126-шы бағыт бойынша жолға шығады. Қала тұрғындары тарапынан дәл осы бағыттар бойынша шағымдар көп болды. Бұрын осы жолға шағын автобустар жүрді. Енді орын саны мол автобустар жолға шығады. Осының арқасында интервал екі жарым есеге дейін қысқарады.

Қалаішілік көлік қатынасы көп жылдардан бері қордаланып қалған еді. Соңғы жылдары қайтадан қолға алынды. Жаңа көліктерді көріп шыққан облыс әкімі жұмысты әрмен қарай жалғастыру қажет екендігін айтты.

Қоғамдық көлікті жаңарту жұмысы алдағы уақытта өзге де автобус парктерінде жалғасатын болады. Сондай-ақ, трамвай депосын да жаңарту жоспарланған. Уақыт өте келе, қоғамдық көлік облыстың барлық үш қаласында ең жайлы және ыңғайлы көлік құралына айналуы тиіс деді өңір басшысы.

Жанасыл Серікбол