С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ПавлодАрт бейнелеу өнері фестивалі басталды. Ашылу салтанатына түсірілім тобымыз барып қайтты.

Өнер әлемінің түрлі бағытын біріктіретін Павлодарт өнер фестивалі облыс орталығында үшінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Фестиваль бағдарламасы түрлі қызықты шараларды қамтиды.

Бұған дейін өткен фестивальдар павлодарлықтардың көңілінен шыққан. Биыл да шеберлік сағаттары, көрмелер, кездесулер ұйымдастырылады. Шаралар өнерге жақын жандардың басын қосып, тәжірибе және идея алмасуға ықпал етеді.

СВЕТЛАНА КРАВЧЕНКО, ТЕАТР СУРЕТШІСІ

Бейнелеу өнері фестивалінің ұйымдастырылуы суретшілер мен өнерге жақын тұлғалар үшін өте маңызды. Алдағы уақытта шара жалғасып, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге көтеріледі деп сенемін

Фестиваль барысында облыстық кітапхана мен павлодарлық жазушы Людмила Бевз бірлесіп шығарған «Досиктің дәуірлерге саяхаты» атты туынды бойынша ойынның тұсаукесері өтті. Бұл – ежелгі Павлодар туралы ертегі. Оның желісімен студенттер орыс және қазақ тілдерінде үстел ойынын әзірледі.

АННА БУТ, СТУДЕНТ

Ойынымыздың басты мақсаты – Павлодар облысының тарихын түсінікті тілде жеткізу. Мұнда өңіріміздің атақты ғалымдары, қайраткерлері туралы, сондай-ақ аймақта қандай жануарлар мекендегені туралы біле аласыздар!

Фестиваль 3 күнге жалғасады. 3 және 4 мамыр күндері тәтті тоқаштарды безендіру, портрет, комикстер салу бойынша шеберлік сағаттар және шығармашылық арбат өтеді. Айта кетейік, барлығы тегін.

Жұлдыз Қабылденова, Валентина Леонова