Қазақ – бауырмал халық. Қазір бір шаңырақ астында түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Дархан даламыздай көңіліміздің кеңдігі - дәл осы 1 мамыр сынды айтулы мерекеде аңғарылып тұрады. Конституция алаңына жиналған халық бірлігі жарасқан елде тұрып жатқанын айқын көрсетті.

Бүгінде елімізде 134 ұлт өкілдері ауызбіршілік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Олар небір қиын-қыстау заманды өткерді. Сондықтан халық бірлігі этностар үшін аса қымбат құндылық.

Бұл күні өңірімізде тұратын 24 этномәдени бірлестік мүшелері салт-дәстүрінен сыр шертетін көрме ұйымдастырды. Конституция алаңына жайылған жәдігерлерді жергілікті билік өкілдері мен шаһар тұрғындары тамашалады.

Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтардың бірі. Мерекені тойлауға келген қауым бұны анық көрсетті.

Бұдан кейін салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Әйгерім Тоқпанқызы