23 сәуір дүниежүзілік кітап күні. Осыған орай, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Оқитын Павлодар» атты фестиваль ұйымдастырылды. Экранға зер салайық.

Іс-шара Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай ұйымдастырылған. Бұл күн ЮНЕСКО-ның шешімімен мәдени дәстүрлерді насихаттау және дамыту мақсатында, сондай-ақ кітаптың білім берудегі ең маңызды құрал әрі сенімді серік екенін ескере отырып, жыл сайын аталып өтіледі.

Бүгінде жастардың кітапқа деген қызығушылығы артып келетіні байқалады. Мәселен, облыстық кітапханаға күніне 150-200-дей, ал жылына 30 мыңнан астам оқырман келеді.

Фестиваль барысында қаламыздағы мотоклубтың мүшелері фестивальға үлес қосты. Олар «Оқитын, Павлодар» жалауымен қала көшелерінің бойында шеру жасады. Сондай-ақ, студенттер әдеби образдардың дефилесін көрсетіп, белсенділік танытты.

Осылайша, шараға қатысушылар рухани азық алып, жан сарайын кеңейте түсті.

Қымбат Садық