Павлодар қаласында спорттық акробатикадан ел чемпионаты мәресіне жетті. Сайысқа түрлі өңірден жас спортшылар жиналды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Спорттық акробатикадан ел чемпионаты бірнеше күнге жалғасты. Тартысты бәсекеге 8 облыстан 300-ге жуық жас спортшы қатысты.

ИРИНА ГЛУШКОВА, ЧЕМПИОНАТТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ

Қазір жасөспірімдер және жастар арасында жеке жаттығу түрлерінен чемпионат өтіп жатыр. Яғни жарыстың қос түрі бірге ұйымдастырылды.Павлодардағы бір мектептің өзінен 130 спортшы қатысып жатыр. Алматы қаласы көп бала келді. Ол аймақтан 60 спортшы додаға түсті. Айта кетейік, барлық үздік спортшылар Павлодар қаласында бас қосып отыр.

Ел чемпионатындағы мықтылардың бірі – павлодарлық өрендер. Облыс намысын бірқатар жарыста жеңіске жетіп жүрген тәжірибелі спортшылар қорғады. Мәселен, Лолита Дуб спорттық акробатикамен 8 жыл бойы айналысып келеді.

ЛОЛИТА ДУБ, ЧЕМПИОНАТ ҚАТЫСУШЫСЫ

Мен Азия және Қазақстанның чемпионымын. Әлем чемпионатының қола жүлдегерімін. Бүгін де бірінші орын аламыз деп үміттенемін. Себебі, 3 ай көлемінде күнделікті әрі тыңғылықты дайындалдық.

Қарсыластардан басым түсіп, шеберліктерін көрсете білген жас спортшылардың ұлттық құрама сапына өту мүмкіндігі болады. Құрама қыркүйек айында Португалияда өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды.

Жұлдыз Қабылденова