Аймақта бірнеше ауылды су басып, жеке тұрғын үйлерге кіргені белгілі. Қазір зардап шеккен тұрғындарға үйлерін қалпына келтіруге және жаңа баспана алуға көмек көрсетіліп жатыр. Бұл туралы баспасөз конференциясында айтылды.

Облыста қарғын судан барлығы 125 отбасының үйі зардап шеккен. Қазіргі таңда 118-не баспанасын қалпына келтіруге тиісті қаражат бөлінді. Ал жеті үйді қалпына келтіруге келмейді.

ДИДАР ИБРАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Өңірде қалпына келтіруге келмейтін 7 үй тіркелді. Оның ішінде екі отбасына сол елді мекенде басқа тұрғын үй сатып алынды. Ал қалған бес отбасы үшін Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында жаңа үйлердің құрылысы басталды. Жұмыстарды үш айдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, біз осымен шектелмей, әрі қарай су тасқынынан зардап шеккен барлық елді мекендерді анықтау жұмыстарын жалғастырудамыз.

Шарбақты ауданындағы Красиловка ауылында жаңа баспананы сатып алуға облыстық мәслихат депутаты қол ұшын созса, Тереңкөл ауданындағы Томарлы ауылында үй қайырымдылық қорының қаражатына алынған. Ақтоғай ауданы Жалауы ауылында жаңа үйлерді тұрғызуға Еуразиялық топ 110 млн теңге бөлді. Оған қоса, зардап шеккендерге мемлекет тарапынан бір реттік төлем беріледі. Оның минималды сомасы – отбасына 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

ДИДАР ИБРАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Бұл ретте ауданға байланысты мәслихаттардың шешімімен бюджеттен берілетін өтемақы көлемі бекітілді. Кеше төтенше жағдай режимі шеңберінде мүліктік шығынның орнын толтыруға қатысты ережелер қабылданды. Соған сәйкес, тоңазытқыш, жиһаз сияқты бірінші кезекте керек заттарды сатып алуға 150 айлық есептік көрсеткішке дейін өтемақы қарастырылады. Сонымен қатар, жекелеген бағалау жүргізіледі. Бюджеттен де бөлінеді. Бұл шаралар төтенше жағдай режимі шеңберінде атқарылатынын атап өткім келеді. Ал бұл режим тек Жалаулы ауылында жарияланған болатын. Бұл елді мекенде бағалау жүргізіліп, комиссия жұмыс істеп жатыр.

Зардап шеккен тұрғындардың өтінімдері толық көлемде өтелген. Демеушілік қаражат есебінен 120 отбасы 98 млн теңгеге өтемақы алды. Облыс әкімі аппаратының басшысының айтуынша, қазір аймақта тұрғын үйлерді су басу қаупі толық жойылды. Ал облыстық штаб тәулік бойы жұмысын жалғастырып жатыр.

Жұлдыз Қабылденова