Биыл өңірде 30 медициналық мекеме бой көтереді. Оның 23 медпункт, 5 фельдшерлік-акушерлік емхана болса, екеуі дәрігерлік амбулатория. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында айтылды. Өңір басшысы Асайын Байханов мердігерлермен кездесіп, жыл соңына дейін бұл ғимараттарды уақытында пайдаланылуға беруді тапсырды.

Биыл « ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 елді-мекенде медициналық мекемелер салынады. Бұған 5,3 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша барлық нысан жыл соңына дейін аяқталуы керек.

Облыс әкімі мердігерлік ұйым өкілдерімен кездесті. Жиында оларға құрылысты сапалы және уақытылы орындауды тапсырды. Бірақ, кейбір мердігерлердің жұмысына көңілі толмады.

Сол себепті өзге өңірден келген мердігерлерге жұмысты тездету үшін міндетті түрде қосалқымердігерлерді жалдауды жүктеді. Өйтпеген жағдайда келісім шартты бұзуға тура келетінін ескертті. Бір айта кетерлігі 30 нысанға тендер ұтып алған компаниялардың көпшілігі өзге өңірлерден келген мердігерлер.

Жоспар бойынша барлық нысан жыл соңына дейін аяқталуы керек. Облыс әкімі кестеден кешіккен мердігерлерді жауапсыз ұйым ретінде танитынын жеткізді.

Қымбат Садық