Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері жазушы, профессор Серік Елікбайға жерлестері құрмет көрсетіп, иығын шапан жапты. Шараға зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты.

 «Алаш» сыйлығы Керекуге келгелі зиялы орта қуанып, бірін-бірі құттықтауда. Бүгін жерлестері ресми түрде бас қосып, өз құрметтерін көрсетуді жөн көрген.

АЙЗАДА ҚҰРМАНОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бұл әрине үлкен жетістік. Біздің қуанышымыз ортақ. Өйткені тарихи тұлғаға арналған, тарихи сәтке арналған романдар сирек кездеседі қазіргі кезде. Осындай шебер замандас жазушымыз бар екендігіне мақтанамыз, қуанамыз.

Жазушыға алдымен облыс әкімінің құттықтау хаты табыс етілді. Артынша иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Қаламдас әріптесін құттықтауға жиналған зиялы қауым өкілдерінің баршасы да бұл сыйлықтың лайықты екендігіне тоқталды.

ҒАЛЫМБЕК ЖҰМАТОВ, АҚЫН, ЖАЗУШЫ

Тарихи оқиға. Секеңнің шығармашылығын бұрыннан білеміз. Бәріміздің жетістігіміз. Шынымен де «Алаш» сыйлығы өте маңызды. Құтты болсын, Секе!

Ал, сыйлық иесінің өзі: бұл - облыстағы барша қалам ұстаған қауымға ортақ жетістік, мерейлі мәртебе екендігін айтады.

СЕРІК ЕЛІКБАЙ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛАШ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ

Бұл менің жеңісім емес. Немесе менің жетістігім емес. Осындағы көптеген қаламгерлердің еңбегі деп бағалауға болады. Елдің мерейін асырған марапат деп есептеймін. Алаштың сыйлығын алған ұл мен қыз осы жерде көп болсын.

Серік Елікбай шығармашылық жолын ақындықтан бастап, бірнеше жыр жинағын шығарған. Әдебиеттанушы ғалым, профессор. «Қанжығалы Бөгенбай», «Мәшһүрдың мұңы» романдарының авторы.

Жанасыл Серікбол