Ұлттық Ұланның Шығыс өңірлік қолбасшылығының психологтары үшін арнайы оқыту семинары ұйымдастырылды. Жас сарбаздармен бейімделу жұмысы, қандай да бір жағдайдың алдын алу үшін психологиялық жұмыстар жүргізу осы мамандардың қызметіне енеді.

Соңғы кезде әскер қатарында өз-өзіне қол жұмсау, ойынқұмарлыққа салыну жағдайлары көптеп кездесіп жатыр. Түрлі фактілер кездескен сайын себеп салдар да әртүрлі бола түседі. Сондықтан сарбаздар, әскери қызметшілер мен офицерлердің арасында қандай да бір жағдайлардың алдын алу үшін психологиялық жұмыстарды жүргізу маңызды.

АЗАМАТ МАКИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ ТЖӘҚЖ БАС БАСҚАРМАСЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ

Біздің жұмысымызда қаралатын өте көп проблемалар бар. Сарбаздармен, офицерлермен жұмыс жасайтын санаттар бар. Яғни ол психологиялық тұрғыда айтатын болсақ, суицидті алдын алу, ойынқұмарлықты алдын алу. Сондықтан осындай іс шаралар өткізіп жатырмыз.

Осы ретте, Павлодар қаласында орналасқан Ұлттық Ұланның Шығыс өңірлік қолбасшылығында жұмыс істейтін психологтар үшін үшкүндік дайындық семинары өтті.

ЖАСҰЛАН ТАБИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ШЫҒЫС ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГ АҒА ОФИЦЕРІ

Бүгінгі шара Ұлттық ұланда жұмыс істейтін психологтардың жұмысына жаңашылдық енгізуге, жаңа әдістермен танысуға септігін тигізеді. Практик психологтар өз білгендерін біздің мамандарға үйретеді.

Әскери азаматтардың жауынгерлік рухын көтеруде де психологиялық жұмыс маңызды екенін айта кеткен жөн. Осы ретте жауапты мамандармен түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Самал Қалиқызы