Техникалық мамандықтарға сұраныс артты
Павлодар облысында колледждерге қабылдау науқаны қарқынды жалғасып жатыр. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы өңір экономикасына аса қажет мамандықтарға бағытталды. Яғни, сұранысқа ие техникалық, өндірістік, ІТ, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларына бөлінген орын саны артқан.
Облыста бүгінде техникалық және кәсіптік білім беретін 42 колледж жұмыс істейді. Оның 28-і мемлекеттік, 14-і жекеменшік. Бұл оқу орындарында 23 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың 18 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс аясында оқиды. Биыл колледждерді 6 мың 793 түлек аяқтады. Соның 95 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған. Ал түлектердің 70 пайызы өз мамандығы бойынша еңбекке орналасқан. Бұл кәсіптік білімнің еңбек нарығымен тығыз байланысын көрсетеді.
Жасұлан Сыздықов, Павлодар облысы білім беру басқармасы техникалық және кәсіби білім беру бөлімінің басшысы
Кадрлар даярлау 109 мамандық және 189 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Білім беру бағдарламалары өндірістің қазіргі талаптарына сай болуы үшін олар тұрақты түрде жаңартылып отырады. Бүгінгі күні 720 жаңартылған білім беру бағдарламасы әзірленген. Жұмысымыздың басты көрсеткіші – түлектердің еңбек нарығына табысты орналасуы. Соңғы жылдары бұл бағыттағы көрсеткіштер тұрақты өсіп келеді. Сапалы маман даярлау білім беру ұйымдары мен өндіріс орындарының тығыз байланысынсыз мүмкін емес. Сондықтан өңірде дуалды оқыту жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жүйе студенттердің теориялық білімді өндірістегі тәжірибемен ұштастырып, болашақ мамандығын тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі 6 мың 300 орынға жетті. Оның басым бөлігі инженерия, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ақпараттық технологиялар, білім беру және ауыл шаруашылығы бағыттарына бөлінген. Ал еңбек нарығында сұранысы төмен қызмет көрсету, бизнес және құқық салалары бойынша орын саны қысқартылған.
Жасұлан Сыздықов, Павлодар облысы білім беру басқармасы техникалық және кәсіби білім беру бөлімінің басшысы
Мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірдің индустриялық дамуы мен еңбек нарығының нақты сұранысына сай бөлінеді. Бұл ретте Павлодар облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген орта мерзімді болжамы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2026–2028 жылдарға арналған мониторинг нәтижелері және кәсіпорындардың тікелей өтінімдері негізге алынады. Алдағы бес жылда, яғни 2026–2030 жылдар аралығында өңірге 35 мың 494 маман қажет болады деп болжанып отыр. Оның ішінде биылғы жылдың өзінде кадрларға деген қажеттілік 9 мың 819 адамды құрайды. Оның 2 мың 372-сі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының есебіне сәйкес болса, 7 мың 447 маманға кәсіпорындар тікелей сұраныс білдірген.
Қабылдау науқаны 25 маусымда басталды. Құжаттар толықтай eGov порталы арқылы онлайн қабылданады. Бүгінгі күні колледждерге 5100 өтініш түсіп, мемлекеттік тапсырыстың 80 пайызы орындалған. Мамандардың айтуынша, қабылдау науқаны жоспарға сай жалғасып жатыр.
Сабина Жолдаспаева