«Ертіс толқыны»
«Ертіс толқыны» жобасы жалғасуда. Бұл жолы облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына арналған бағдарламаны қай аудан дайындап әкелді? Кеш барысында қандай мәдени-танымдық, ойын-сауық іс-шаралары ұсынылды? Алдағы сюжеттен көрейік.
Облыс тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығып жүрген жоба — «Ертіс толқыны» жалғасуда. Железин ауданы өздерінің жарқын бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Орталық жағалауға жиналған қауымға еріктілер «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Менің уәдем» атты арнайы стенд ұйымдастырып, кеш меймандары өз уәделерін жазып қалдырды.
Абай Рысбеков, Железин аудандық мәдениет үйінің домбыра үйірмесінің жетекшісі
«Заң мен тәртіп» аясында біз жастарға керемет осы спорт жағынан іс-шаралар ұйымдастырылып жатады — шахмат, асық ату. Ал жаңағы өнер, ән, би жағынан керемет көңіл-күй сыйлап, өскелең жастарға деген жақсы бір бағыт көрсетеміз деген оймен жыл сайын келеміз. Жалпы «Заң мен тәртіп» аясында деп жатырмыз ғой, Б. Момышұлы атамыз айтқандай, «тәртіпке бағынған құл болмас» дейді, бұл заң да, тәртіп те, біздің көрсететін өнеріміз де, спорттық іс-шараларымыз да жастарға үлгі болады деген ойдамын.»
Павлодар шахмат федерациясымен бірге ұйымдастырылған шахмат турниріне қызығушылық жоғары болды. Тартысты бәсеке 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер, негізгі санат және ардагерлер арасында өтті. Ең жас қатысушының жасы алтыда болса, егдесі жетпіске таяған.
Талапек Дүйсембаев, Павлодар қаласының тұрғыны
«Шахматты бала кезімнен ойнап келе жатырмын. Мінекей, бүгін тағы келдік осында турнир жасап жатыр екен Железинка ауданының жігіттері келіп. Сол жігіттердің көбін білемін, Железинка ауданының шахматистары да бар, басқа ойыншылары да бар. Бүгін енді, мінекей, шахматшылар жиналып, 7 тур өткізейін деп жатыр — соның бәрін ойнаймыз. Блиц — 3,2 секунд, сондықтан бізге кішкене қиындау болады, бірақ тырысамыз.»
Бұған қоса аудан қолөнершілерінің арнайы көрмесі ұсынылып, жеңіліссіз лотерея ұтысы мен заң мен қоғамдық тәртіп төңірегіндегі сұрақ-жауап өтті. Ал кеш көркін Железин аудандық мәдениет үйі мен балалар өнер мектебі өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасы қыздыра түсті.
Жұлдыз Қабылденова