Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімі Екібастұзға барды

Облыс әкімі Екібастұзға барды

Аймақ басшысы Екібастұз шаһарына жұмыс сапарымен барып келді. Онда №1 сорғы станциясына барып, жаңғырту жұмыстарымен танысты. Қаладағы футбол, спорт алаңдарын аралап тұрғындармен тілдесті. Салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын да көріп қайтты. 


Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Екібастұз қаласындағы «Горводоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының №1 сорғы станциясында болып, нысанды реконструкциялау жобасымен танысты. Бүгінде сорғы станциясы Екібастұз жылу-электр орталығын техникалық сумен, сондай-ақ Майқайың кенті мен «Богатырь» разрезін ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. 

Ләззат Бекбергенова, «Горводоканал» МКК директорының М.А. 

№1 сорғы станциясы шамамен 60 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Осыған байланысты оны реконструкциялау жобасы әзірленді. Оның аясында сорғы жабдықтары толық ауыстырылып, заманауи жиілік түрлендіргіштері орнатылады. Сондай-ақ барлық электр жабдықтары жаңартылып, кернеуі 35/6 кВ болатын жаңа қосалқы станция салынады. Бұдан бөлек, құрылыс-монтаж және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

2018 жылы техникалық су айдайтын екі сорғы ғана жаңартылған. Ал қалған жабдықтар 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып, бүгінде техникалық және моральдік тұрғыдан ескірген. Жобаны іске асыру нәтижесінде заманауи сорғылар мен жиілік түрлендіргіштерін қолдану арқылы электр энергиясын тұтыну 30-40 пайызға дейін қысқарады деп күтілуде. Бұл кәсіпорынның пайдалану шығындарын азайтып, сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Реконструкция тоғыз ай ішінде жүзеге асырылады. Барлық жұмыстар сорғы станциясының жұмысын тоқтатпай және тұтынушыларды сумен жабдықтауды үзбей жүргізіледі. 

Тамыз айында арнайы жабдықтарды сатып алу басталды. Жобаның негізгі уақыты жабдықтарды дайындау мен жеткізуге жұмсалмақ. Жаңғырту аяқталғаннан кейін Екібастұз жылу-электр орталығына, «Богатырь» разрезіне және 2022 жылдың соңында пайдалануға берілген жаңа техникалық су құбыры арқылы техникалық су жеткізудің сенімділігі артады. Сонымен қатар, Майқайың кентінің тұрғындары тұрақты ауызсумен қамтамасыз етіледі. Келесі кезекте облыс әкіміне футбол және спорт алаңдары бойынша ақпарат ұсынылды. 

Сонымен, Екібастұзда 2017-2020 жылдары салынған 30 дан астам аула әлі абаттандыруды, жаңартуды қажет етіп отыр. Оны қала әкімі Аян Бейсекин алдағы жылдары біртіндеп жөнделетінін айтты. Ал, футбол алаңдары бойынша биыл барлық аумақ толық қамтылған. Келесі жылы тағы 10 алаңды орнату жоспарланып отыр. 


Осы кезекте облыс әкімі жаңа спорт алаңдарында ойнап жүрген екібастұздың кішкентай тұрғындарымен кездесіп, доп сыйлады. Ал, аулаларды аралау кезінде аймақ басшысына жақындап, ұсыныстары мен өтініштерін айтқан тұрғындар да болды. 

Аймақ басшысы №11 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда жоба жоспарға сәйкес жүзеге асып жатыр. Құбырларды монтаждау жұмыстары тамыз айының ортасына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. монтаж аяқталған соң аумақты абаттандыру жұмыстары басталады. Учаскенің ұзындығы мен күзет аймағында орналасуына байланысты бұл жұмыстар қыркүйек айына дейін жалғасуы мүмкін. Жылу желілерін жаңғыртудың басты мақсаты – тозығы жеткен құбырларды ауыстырып қана қоймай, олардың өткізу қабілетін арттыру. Бұрын пайдаланылған диаметрі 530 миллиметрлік құбырлардың орнына енді диаметрі 630 миллиметр болатын жаңа құбырлар төселуде. Бұл қаланың жылу жүйесінің қуатын арттырып, алдағы уақытта жаңадан бой көтеретін тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу желілеріне қосуға мүмкіндік береді. Ал, бұл 31 шағын аудандағы 5 қабатты тұрғын үй. Мындағы құрылыс жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. 

Бастапқыда нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда қаржыландыруға байланысты үйді тапсыру мерзімі қыркүйек айына ауыстырылған. Барлық пәтерлер тұрғындарға таза әрлеумен тапсырылады. Ғимаратқа қатты шатыр орнатылып, терезелерді монтаждау жұмыстары қыркүйек айында толық аяқталады. Бұған дейін пайдалануға берілген осы үлгідегі тұрғын үйлердегі пәтерлер толықтай иелеріне табысталған. Қазіргі уақытта тұрғындардың шамамен 80 пайызы қоныстанып үлгерген. Қалғандары өз талғамына сай қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ал аталмыш үйдегі құрылыс жұмыстары толық аяқталса, пәтер кілтін алуға иелері дайын. Себебі пәтер санаты бойынша кезекте тұрған тұрғындарға бөлініп қойған. Екібастұз қаласы құрылыс бөлімінің басшысы осы тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін қалада салынып жатқан қалған төрт тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға шамамен 5,5 миллиард теңге көлемінде қосымша қаржы қажет болатынын жеткізді.


Самал Қалиқызы 



Бөлісу